
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәскеуде өткен «Ветеринариялық қауіпсіздік» халықаралық форумына қатысты.
Іс-шара Еуразия кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ветеринариялық жүйелердің тұрақтылығын нығайту жөніндегі маңызды мәселелерге арналды.
Форум жұмысына Еуразиялық экономикалық комиссияның өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі министрі Гоар Барсегян, Ресей Федерациясының ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, сондай-ақ ФАО, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы (ДЖДҰ/WOAH), ЕЭК өкілдері, ғылыми қауымдастық және Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Ираннан бизнес саласының жетекші мамандары қатысты.
Пленарлық отырыста Айдарбек Сапаров жаһандық биологиялық қауіп-қатерлер жағдайында күш біріктірудің стратегиялық өзектілігін атап өтті.
«Қазіргі сын-қатерлер жағдайында биологиялық қауіпсіздік жүйесін нығайту ұлттық басымдыққа айналды. Тек жүйелі және мемлекетаралық қадам ғана тәжірибе алмасуға, келісілген шешімдер қабылдауға және біздің әрекет ету жүйелеріміздің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
2022 жылдан бері Қазақстанда биологиялық қауіптердің алдын алуға және мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қолданысқа енгізілген.
Біз Дүниежүзілік жануарлар денсаулығын сақтау ұйымы тізіміне енген 90-нан астам аурудың ішінде 23-і бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатырмыз», – деді министр.
Жүргізіліп жатқан кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде Қазақстан африкалық және классикалық шошқа обасы, оңтүстік-шығыстағы аусыл, сондай-ақ жылқылардың африкалық обасы сияқты аса қауіпті бірқатар жануар аурулары бойынша өзінің қолайлы мәртебесін сақтап, оны қайта дәлелдей алды.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту аясында Айдарбек Сапаров Қазақстан мен Ресейдің, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың өзге де мемлекеттерінің ветеринария саласындағы өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Осындай тәсілдерді іске асыру аймақ елдеріне эпизоотиялық қауіптерге жедел әрекет етуге және жануарлардан алынатын өнім айналымының ашықтығын арттыруға жол ашады», – деді Айдарбек Сапаров.
Форум қатысушылары сондай-ақ инновациялық технологиялар енгізу, ветеринариялық препараттар нарығын дамыту, диагностика және ауруларды мониторингтеу жүйелерін жетілдіру мәселелерін талқылады.