Алмалық ауылында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Талғар өңірлік филиалы базасында АӨК-тегі Қазақстан-Ресей озық технологиялар орталығының алғашқы ірі жобасы — «Мичурин бағы» ашылды.
Жоба ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Ресей ғылым академиясы тарапынан жүзеге асырылып, аграрлық сектордың ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға, отандық селекциялық бақ өсіруді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға арналған.
Жаңа бақ ғылыми зерттеулерді, инновациялық агротехнологияларды және мамандардың тәжірибелік даярлығын біріктіретін бірегей көпфункционалды алаңға айналмақ.
Жобаның негізгі бағыттары: жеміс-жидек дақылдарының биоресурс коллекциясы мен генофондын кеңейту; перспективалы сорттарды зерттеу және бейімдеу; жаңа селекциялық бағдарламаларға негіз болатын база құру; жоғары өнімділікке, өсімдіктердің тұрақтылығына және су, энергия мен топырақ ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін жоғары қарқынды технологияларды енгізу.
Осы ретте 3 гектар аумаққа дәстүрлі және заманауи бау-бақша өндірісіне арналған алманың сорттары, сондай-ақ жеміс-жидек дақылдары қамтылды.
Ресейлік серіктестермен, атап айтқанда «Сириус» Инновациялық ғылыми-технологиялық орталығымен, «Агропищепром» ғылыми-өндірістік орталығымен және И.В. Мичурин атындағы Федералдық ғылыми орталықпен бірлесіп, Қазақстан жағдайында өсіруге қолайлы, жоғары өнімді және коммерциялық тиімді сорттардың тәжірибелік учаскелері қалыптастырылатын болады.
Олардың қатарында «Памяти Нестерова» алмасы, «Ника» алмұрты, «Заречная ранняя» алхоры және басқа сорттар бар.
Бұған қоса, алмұрт, шие, тәтті шие, алхорының бірегей селекциялық сорттары, сондай-ақ жимолость, қарақат түрлері, қарлыған, арония, шырғанақ, ирга, бөріқарақат және итмұрын отырғызылатын болады.
«Мичурин бағы» ашық аспан астындағы шынайы «зертханаға» айналып, көшет таңдау мен отырғызу схемаларын анықтаудан бастап, сақтау, қайта өңдеу технологияларына және жоғары сапалы өнімді тұтынушыға жеткізуге дейінгі озық ғылыми шешімдер тәжірибе жүзінде сынақтан өткізілетін болады.