Қазақстан мен Ұлыбритания ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық материалын импорттауға арналған ветсертификатты қол қоюға дайындау рәсімін аяқтады

Қазақстан мен Ұлыбритания ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық материалын импорттауға арналған ветсертификатты қол қоюға дайындау рәсімін аяқтады

Лондонда ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі (DEFRA) арасында екіжақты келіссөздер өтті.

Кездесу ағымдағы жылы 30 сәуірде 11-ші үкіметаралық комиссия аясында қол қойылған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша Жол картасы шеңберінде ұйымдастырылды.
Комитет төрағасы Қазбек Тәшімов DEFRA-ның халықаралық нарықтарға қол жеткізу департаментінің басшысы Питер Греймен келіссөздер жүргізді.

Нәтижесінде ірі және ұсақ қара малдың, сондай-ақ шошқалардың генетикалық материалын импорттауға арналған ветеринариялық сертификат қол қоюға дайын (парафилеу)болды.
Бұл құжат Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ветеринариялық сертификаттардың толық топтамасын қалыптастырады.

Парафилеу селекцияны дамытуға және отандық мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін нығайтуға жаңа мүмкіндіктер туғызады, тұқымды асылдандыру жұмысын дамыту үшін генетикалық материалдарды импорттауға жағдай жасайды, қазақстандық өнім экспортын кеңейтуге, өнімдер саудасын ұлғайтуға, ветеринариялық бақылау тетіктерін күшейтуге және елдер арасындағы талаптарды үйлестіруге ықпал етеді.

Сапар барысында сондай-ақ Ұлыбританияның Азык-түлік қауіпсіздігі агенттігі басшылығымен кездесулер өтті. Онда Корольдік Ветеринариялық колледждің жануарлар генетикасы саласында қазақстандық университеттермен бірлесе жүзеге асырып жатқан жобалары талқыланды.

Жүздесулер қорытындысында тараптар ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады және қазақстандық аграрлық өнімнің жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған болашақ мақсаттарды айқындады.