
Өңірде заманауи сүтті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Солардың бірі – «Andas Agro» серіктестігі жүзеге асырып жатқан инвестициялық жоба - 1 450 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферма.
Аталға ферма ағымдағы жылдың сәуір айында пайдалануға берілді. Инвестиция көлемі 7 млрд теңге.
Кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираждау бағдарламасы аясында жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізген болатын.
Жаңа нысан толықтай мал шаруашылығының халықаралық стандарттарына сай салынған. Мұнда автосуаттар мен желдету жүйесі бар заманауи қора-жайлар, бұзауханалар, жем-шөп цехы бар, 50 орынды толық автоматтандырылған «Карусель» типті сауу айналымы орнатылған. Сонымен қатар, малдың өнімділігі, олардың жай-күйі және барлық технологиялық процестерді бақылауды қамтамасыз ететін цифрлық табын басқару жүйесі енгізілді.
Жоба аясында шетелдік селекциядан шыққан 600 қашар сатып алу көзделген. Соның алғашқы партиясы 165 тұқымдық қашар жақында Дания елінен әкелінді.
Жас малдардың жеті сағаттық әуе тасымалы штаттық режимде өтіп, мамандар мен ветеринарлар желдету, санитария, орналастыру тығыздығы және жануарлардың жағдайын бақылау бойынша халықаралық нормалардың сақталуын қамтамасыз етті.
Жыл соңына дейін екінші тобын жеткізу көзделген. Одан кейін ферма жоғары өнімді мал басымен қамтамасыз етіледі.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін жылына 13 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Бұл өңірдің шикізат базасын нығайтуға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға және Павлодар облысының сүт саласындағы ұстанымын күшейтуге мүмкіндік береді.