
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті шетелдік нарықтарда бәсекеге қабілетті қазақстандық өнімді ілгерілету, соның ішінде мал өнімдерін БАӘ-ге экспорттауға құқылы отандық кәсіпорындар тізбесін кеңейту бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Жүйелі шаралардың нәтижесінде биыл тағы 4 кәсіпорын ресми түрде БАӘ импорттаушыларының Реестріне енгізілді.
Бұл – ұлттық өнім экспортының ауқымын кеңейтудегі аса маңызды қадам.
Аталған шешім отандық өндірушілердің халықаралық қауіпсіздік пен сапа стандарттарының жоғары талаптарына толық сәйкес келетінін растайды.
Осы ретте Қоршаған орта және климат өзгерісі министрлігі жанындағы БАӘ Тағам қауіпсіздігі агенттігінің басшысы Абдулла Джанаанның ресми сапары аясында Комитет өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, экспорттық жеткізілімдерді арттыру мүмкіндіктерін және азық-түлік қауіпсіздігін бақылау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдету болашағын талқылады.
Сапар барысында МОССАЕ делегациясы 2020 жылдан бері тізілімде бар және БАӘ-ге сиыр еті өнімдерінің негізгі жеткізушілерінің бірі саналатын KAZBEEF кәсіпорнына да барды. Делегация кәсіпорында енгізілген қауіпсіздік, сапа және өнімнің қадағалануы стандарттарына жоғары баға беріп, ынтымақтастықты кеңейтудің әлеуеті зор екенін атап өтті.
Жалпы, бүгінгі таңда мал өнімдерін өндіру және экспорттаумен айналысатын 14 қазақстандық компания БАӘ импорттаушыларының Реестріне енгізілген.
Бұл тізімнің кеңеюі Қазақстанның Таяу Шығыс нарығындағы позицияларын күшейтіп, ұлттық аграрлық экспортты өсіруге қосымша мүмкіндік деуге болады.