
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Алматы қаласының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Кездесу барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары және саланың инвестициялық келешегі төңірегінде өзекті мәселелер талқыланды.
Былтырғы жылдың қорытындысында Алматы қаласының жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 6%-ды құрады, сондай-ақ бұл көрсеткіштің одан әрі арттвру мүмкіндігі зор.
Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Шикізаттың 70%-ына дейін қайта өңдеу үлесін арттыру жоспарланып отыр. 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспарды іске асыруға 372 млрд теңге қарастырылған, оның 150 млрд теңгесі инвестицияларға, 222 млрд теңгесі кәсіпорындардың айналым қаражатын қолдауға бағытталған.
Вице-министр кездесуге қатысушылар алдында:
«Кешенді жоспардың негізгі бағыты – өнімді ішкі және сыртқы нарыққа өткізу ауқымын кеңейту. Бұл қайта өңдеу көлемін 1,4 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Саланы қолдау мақсатында өткен жылы жылдық 5% мөлшерлемемен 35 млрд теңге көлемінде қаржыландыру іске қосылды, ал биыл қайта өңдеушілердің айналым қаражатына жеңілдетілген несиелер ретінде қосымша 44,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2025 жылға 200 млрд теңге бөлінді, оған етті мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді қоса алғанда, 141 инвестициялық жоба енгізілді», — деп атап өтті.
Фермерлерді кең көлемде қолдау жалғасып, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына бөлінген қаржы көлемі 1 трлн теңгеге жетті.
Жалпы алғанда, жеңілдетілген кредит 8 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қамтып, қаржы көлемі 502 млрд теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жыл сайын 8–10%-ға жеткізу үшін отандық өндіріс техникаларын 5% жылдық мөлшерлеме аясында 250 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы жалғасуда. Бұл бағдарлама 7 мың техника бірлігін жаңартуға мүмкіндік береді.
Кепіл жетіспеушілігі мәселесі «Даму» қорының қарыз сомасының 85%-ына дейінгі кепілдендіру тетігі арқылы шешілді.
Қолға алынған шаралар нәтижесінде биыл аграрлық сала өкілдері тағы да рекордтық өнім жинады, яғни гектарына 17 центнер орташа түсіммен 27,1 млн тонна астыққа қол жеткізді.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында фермерлерді тікелей субсидиялаудан техника өндірушілерді, кредиторларды, тыңайтқыштар мен су жеткізушілерді субсидиялауға көшу жүзеге асырылды. Бұл өзгерістер ашықтықты арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Кездесу барысында фермерлер субсидиялау, су үнемдеу технологияларын енгізу, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шаралары және қайта өңдеу саласын дамыту бағыттары бойынша сұрақтар қойды.
Кездесуден кейін Азат Сұлтанов азаматтарды жеке қабылдау өткізді.