Қазақстан мен Түрікменстан ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Қазақстан мен Түрікменстан ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтуде

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түрікменстанның ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиевпен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайын және агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықты кеңейту болашағын талқылады.

«Қазақстан мен Түрікменстан тарихи тұрғыдан сенімді серіктестер саналады, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықтың орны ерекше. Ал, аталған ел нарығы - отандық ауыл шаруашылығы өнімін экспорттаудың басым бағыттарының бірі», — деді Айдарбек Сапаров.

Жылдың алғашқы 9 айында екі ел арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 103 млн АҚШ долларын құрады(37,5%).
Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 70 млн долларға жетіп, 70%-ға өсті.

Өсім негізінен дәнді дақылдар тасымалымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда: сапалы бидай экспорты 1,5 есе, ұн экспорты 4 есе өсті, сондай-ақ, қайтадан күнбағыс майын жеткізу басталды.

Қазақстан тарапы дән мен ұнның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізілуін, соның ішінде алдын-ала қаржыландыру тетіктері және ҚР аумағында бірлескен кәсіпорындар құру арқылы қамтамасыз етуге дайын екенін білдірді.

Тараптар ветеринария саласындағы әріптестікті, биоқауіпсіздік мәселелерін және мал шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейту жолдарына да назар аударды.

Сонымен қатар, екі елдің ғылыми институттары арасындағы тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізу және кадр даярлау сияқты ынтымақтастық бағыттарының маңыздылығы айтылды.

Өз кезегінде Чарыяр Четиев сындарлы келіссөздер үшін қазақстандық тарапқа алғысын білдіріп, екіжақты әріптестік әлеуетін жоғары бағалады.

Сонымен бірге, Түрікменстанның бірлескен жобаларды белсенді іске асыруға, тауар айналымын ұлғайтуға және екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға дайын екенін баса атап өтті.