
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлесіп, елдегі шегірткеге қарсы зиянкестердің таралуына мониторинг жүргізу және болжауды жетілдіруге бағытталған жобаны іске қосуда. Жоба «Қазақстан – ФАО» әріптестік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, «бастаманың негізгі мақсаты – жасанды интеллект, спутниктік қашықтан зондтау және пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, болжаудың зияткерлік жүйесін құру. Бұл фитосанитариялық мониторингті жаңғыртуға және барлық мүдделі ұйымдармен тиімді өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді».
Жыл басынан бері ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: салалық ғылыми-зерттеу институттарының қатысуымен жобалық топ құрылды, 10 жылдан астам жүргізілген фитосанитариялық мониторингтің ұлттық деректер базасы талданды, сондай-ақ мониторингтің интерактивті панелі әзірленді. TCP жобасының ұлттық консультанты – SKYTERRA компаниясы кеңейтілген аналитиканы визуализациялауға арналған цифрлық дэшборд дайындады.
Жиын барысында қатысушылар жобаны іске асырудың негізгі кезеңдерін, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін және ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бастаманы жан-жақты қолдауға және Қазақстандағы шегірткеге қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында ФАО-мен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.