
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еліміздегі ірі мегаполистің бірі Шымкентте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен фермерлерге мемлекеттік және ведомстволық наградаларды салтанатты түрде табыс етті. Іс-шараға аграрлық сектор өкілдері, салалық ұйымдардың мүшелері және қала әкімдігінің қызметкерлері қатысты.
Министр аграрлық сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың аймақты және ел экономикасын дамытудағы, сондай-ақ азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі ерен еңбектеріне тоқталды. Министр ауыл шаруашылығындағы жетістіктер мыңдаған мамандардың күнделікті еңбегі мен жоғары жауапкершілігінің жемісі екенін ерекше атап өтті.
Шымкенттің аграрлық сала өкілдері еліміздің азық-түлік қорын толықтыруға айтарлықтай үлес қосуда. Қалада егін шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Мегаполисте өндірістерді жаңғыртуға және саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
«Мемлекет басшысы ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың еңбегін жоғары бағалайды. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекеттік наградалар жүйесіне «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы енгізілді. Бұл – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етіп жүрген адамдарға деген зор құрметтің белгісі», — деді Айдарбек Сапаров.
Осы марапаттың алғашқы иегерлерінің бірі – «Шымкент құс» ЖШС-нің бас директоры Әділбек Досболов. Кәсіпорын жылына 700 млн дана жұмыртқа және 800 тоннадан астам ет өндіретін өңірдің жетекші кәсіпорындарының бірі. Компания құс етін қайта өңдеу бойынша өз кешенін де дамытып отыр, онда құс қораларындағы микроклиматтан бастап дайын өнімнің сапасын бақылауға дейін барлық үрдіс толық автоматтандырылған.
Іс-шара барысында саладағы үш үздік өкілге елеулі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалар табысталды. Тағы бірнеше басшылар мен мамандар Премьер-Министрдің және Ауыл шаруашылығы министрінің наградаларына ие болды. Аграрлық салада қызмет ететін барлығы 11 қызметкер марапатталды.