
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Эстонияның Ауыл шаруашылығы және ауылдық аумақтарды дамыту вице-министра Тёнис Тянавпен кездесті. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен, логистика, мал шаруашылығы, цифрландыру және аграрлық ғылым салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Ерекше назар өзара сауданы дамытуға аударылды.
Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония арасындағы тауар айналымы 3,7 есеге өсті, ал қазақстандық өнім экспорты 7,4 есеге артты.
Кездесу барысында мал шаруашылығы және логистика бағыттарындағы ынтымақтастық мәселелері жеке қаралды. 2025 жылдың басынан бері Эстония порттары арқылы 116 мың тонна қазақстандық астық қайта бағытталды. Силламяэ порты мен Мууга терминалы отандық агроөнімдердің әлемдік нарықтарға шығуы үшін перспективалы көлік бағыттары ретінде қарастырылып отыр.
Тараптар ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуетін атап өтті.
Аманғали Бердалин әріптесіне Қазақстанда органикалық тұқым өндірісінің дамуы және С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ базасында агротехнопарк құру туралы ақпарат берді. Қазақстан Эстонияның биотехнология, органикалық егіншілік және АӨК-ті цифрландыру бағыттарындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сауда байланыстарын нығайтуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін растады. Қазақстан тарапы сондай-ақ Эстониямен әріптестікті одан әрі тереңдетуге ашық екенін атап өтті.