Қазақстан мен Эстония ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Эстония ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эстония Республикасының Президенті Алар Карис қатысқан қазақ-эстон бизнес-форумы аясында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Эстония Республикасының Өңірлік істер және ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде форумның сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы әріптестікті дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал ететінін атап өтті. Президент Эстония бизнесінің Қазақстандағы қатысуын кеңейтудің маңызын көрсетіп, ынтымақтастықтың көлік және логистика, цифрландыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы және білім беру сияқты перспективалы бағыттарын айқындады.

Өз кезегінде Эстония Президенті Алар Карис те аграрлық саладағы өзара іс-қимылды тереңдетуге және озық тәжірибемен алмасуға қызығушылық білдірді.

Қол қойылған Меморандумда: сүт және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту; генетикалық жетілдіру, селекциялық жұмыс, фенотиптеу және цифрлық шешімдер бойынша тәжірибе алмасу; ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздік, жануарлар әл-ауқаты және биоқорғау салаларындағы ынтымақтастық; ғылыми-техникалық жобаларды, бірлескен семинарлар мен зерттеу бастамаларын ілгерілету; екі елдің салалық қауымдастықтары, ғылыми орталықтары және сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды нығайту көзделген.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония компаниялары арасында жалпы құны 517 млн АҚШ долларынан асатын 11 коммерциялық келісімге қол қойылды. Бұл екі ел бизнесінің әріптестікті кеңейтуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.