
Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әлемдік нарықта мал шаруашылығы өнімдері бойынша позицияларын белсенді түрде нығайтуда.
Бүгінде еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері ЕАЭО, ЕО, ТМД мемлекеттері, Парсы шығанағы елдері, сондай-ақ Қытай, Корея, Жапония, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия сынды 15-тен астам елге тасымалданады.
Қытаймен союға арналған ІҚМ, тері, құс еті мен қосалқы өнімдерін экспорттауға ветеринариялық хаттамаларға қол қойылды. Қымыз, құрғақ бие сүті, термиялық өңделген өнім, салқындатылған сиыр еті, қой еті және шошқа етін жеткізуді келісу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ термиялық өңделген қой және серке еті, мұздатылған, салқындатылған және термиялық өңделген шошқа етін экспорттауға арналған хаттамаларға да қол қойылды.
Қазақстан сондай-ақ ЕО-ға бал экспорттаушы елдер тізіміне енгізілген. Қосымша қымыз бен балық шаруашылығы өнімдерін экспорттау бағыттары пысықталуда.
Алғаш рет 9 кәсіпорын Қытайдың азық-түлікке жатпайтын тізіліміне енгізіліп, бұл жаңа сауда мүмкіндіктерін ашты.
Иракпен союға арналған ІҚМ мен ҰҚМ экспорттауға байланысты екі ветеринариялық сертификат нысаны келісілді, ал Грузиямен төрт сертификат нысаны бекітілді, бұл ел нарығын ашуға мүмкіндік берді. Әзербайжанмен балық пен ара шаруашылығы өнімдерін экспорттауға сертификаттар келісілді, Иранмен тұяқты жануарлардың терісін экспорттау бойынша құжаттар келісілді. БАӘ-мен спорттық жылқыларды экспорттауға дайындық жүріп жатыр, ал Ұлыбританияға ІҚМ эмбриондарына арналған сертификат жолданды.
Жапониямен (тірі жылқылар, бие және түйе сүті), Оңтүстік Кореямен (балмұздақ), Малайзиямен (сүт және ет өнімдері), сондай-ақ Бруней, Вьетнам, Таиланд, Сингапур, Катар, БАӘ және Босния және Герцеговина елдерімен жаңа экспорттық бағыттарды ашу бойынша жұмыстар жалғасуда.
Жалпы, шетелдік экспорттаушылар тізіліміне 3702 кәсіпорын енгізілген. Оның ішінде: ЕАЭО — 3339, ҚХР — 57, ЕО — 63, Өзбекстан — 101, БАӘ — 13, Иран — 13, Жапония — 47, Түркия — 16, Корея — 5, Сауд Арабиясы — 43, Әзербайжан — 9.
Беларусь, Ресей, Қытай, Армения және Түркияны қоса алғанда бірқатар елдер Қазақстанның жекелеген өңірлерінде аусыл мен құс тұмауының анықталуына байланысты бұрын енгізілген уақытша шектеулерді алып тастады.