
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумында министр Айдарбек Сапаров айтты.
Форумға агросектор ардагерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, инвесторлар және өзге де қатысушылардан құралған 2000-нан астам адам қатысты.
Қазақстандық астықты шетелге жеткізу географиясы кеңейіп келеді. Еліміз бұрынғы экспорттық бағыттарды қалпына келтіріп, жаңа нарықтарды ашты. Бұған экспорттық субсидиялар елеулі ықпал етті.
«8 ай ішінде Қазақстанның экспорттық түсімі 2,2 млрд АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 31% жоғары.
Өңделген агроөнімнің жалпы өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 9% артты.
Ұн өндірісі 7%-ға, жарма өнімдері — 10%-ға, өсімдік майы — 21,7%-ға өсті, ал астықты терең өңдеу көлемі 1,3 есе артты», – деді министр.
Астықты терең өңдеу инвестиция тартудың негізгі бағыттарының біріне айналуда. Бүгінде жалпы құны 2,6 млрд АҚШ долларын құрайтын 5 ірі жоба жүзеге асырылуда.
Қуаттылығы жылына 130 мың тонна болатын қант зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ «Carlsberg» және «Coca-Cola» сияқты трансұлттық компаниялар сусындар өндірісі мен көкөністерді қайта өңдеу жобаларына тартылды.
Алдағы жылы агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қолдауға 400 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие бағыттау жоспарлануда.
Форум аясында агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесі ұйымдастырылды. Онда есеп жүргізуге, болжам жасауға, деректерді талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ АӨК өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған отандық стартаптар ұсынылды.