А. Сапаров: Мал шаруашылығы АӨК-тің қозғаушы күшіне айналуы тиіс

А. Сапаров: Мал шаруашылығы АӨК-тің қозғаушы күшіне айналуы тиіс

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мал шаруашылығын дамыту бойынша қол жеткен табыстар мен болашақ мақсаттарға тоқталды.

Форумға агросектор ардагерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, инвесторлар және өзге де саладан 2000-нан астам қатысушы келді.
Министрдің айтуынша, Президент Жолдауында айтылған мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі өте өзекті.

Себебі бұл сала азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жем-шөпке тұрақты сұраныс қалыптастыратын, экспорттық кіріс әкелетін және ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін маңызды бағыт.

«Сүтті мал шаруашылығында заманауи цифрлық сүт-тауарлы фермалардың құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Олардың саны 2019 жылы 19 ферма болса, қазір 104-ке жетті. Бұл сүт өндіру көлемін 515 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ барлық түрдегі ет өндірісі де артты. Өсім 124 мың тоннаға жетіп, сиыр және қой еті экспорты артты. Бұл фермерлердің маңдай теру және ауқымды инвестициялардың жемісі», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Қазіргі уақытта Министрлік бизнес өкілдерімен бірлесіп, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ министр қысқа мерзімде өсімдік шаруашылығын айналым қаражатымен қамтамасыз ету тәжірибесі айтарлықтай нәтиже бергенін, енді мал шаруашылығында да осындай шаралар қажетттігін айтты.

Солтүстік Қазақстан тәжірибесінің аясында ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелер берудің тиімділігі дәлелденді.

«Ендігі басты міндет — мал шаруашылығын жеңілдетілген несиелеу бойынша нақты шаралар қабылдау.

Биыл тамыз айында алғаш рет айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге бөлінді.

2026 жылдың наурызынан бастап ірі қара мал сатып алуға арналған 7 жыл мерзімге жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады.

Мал шаруашылығының сапалы дамуының тағы бір негізгі бағыты – ветеринария. Соңғы жылдары ауру ошақтарының саны азайды. Материалдық-техникалық базаны жаңғырту қарқынды жүргізілуде. 400 ветеринариялық нысан салынды, 1000-нан астам арнайы автокөлік сатып алынды», – деді министр.

Ағымдағы жылы жаңа 16 ветеринариялық сертификатқа қол қойылып, мал шаруашылығы өнімдерін тағы 7 елге экспорттауға жол ашылды.
Бүгінде Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерін 42 мемлекетке жеткізе алады.
Салада толық цифрлық қадағалау жүйесі енгізілді. Экспорт үшін жануарларды карантинде ұстап бақылаудың электрондық жүйесі енгізіліп, биологиялық қауіпсіздік күшейтілді.

Фитосанитариялық қызметте де ауқымды деректер жинақталады. Жыл сайын экспорттық-импорттық операциялар бойынша шамамен 500 мың қызмет көрсетіледі.

Басқа елдерден айырмашылығы, бұл қызметтер ұзақ уақыт бойы тегін көрсетіліп келді.

АШМ енді бұл қызметтерді ақылы негізге көшіруді жоспарлап отыр. Бұл рәсімдердің ашықтығын, үрдістердің цифрлануын, зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтамасыз етеді.

Осындай өзгерістер ветеринария саласында да қолға алынады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін беру конкурстарын электрондық форматқа көшіру белсенді жүргізілуде. Жер кодексіне өзгерістер дайындалды.

Пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аясында 14,2 млн гектар жер қайтарылды, оның 7,5 млн гектары жаңадан пайдаланушыларға берілді.

«Мемлекет фермерлерге бүгін бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ең бастысы - аграрлар бұл мүмкіндіктерді мал шаруашылығын дамыту және өз ісін ілгерілету үшін тиімді пайдалануы қажет», – деп қорытындылады министр.

Форум аясында агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесі ұйымдастырылды. Онда есеп жүргізуге, болжам жасауға, деректерді талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ АӨК өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған отандық стартаптар ұсынылды.