
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің II форумында министр Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешеннің жетістіктері мен болашақ жоспарларға тоқталды.
Форумға агросектор ардагерлері, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, инвесторлар және өзге де саладан 2000-нан астам қатысушы келді.
Ағымдағы жылы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені 105% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті.
Негізгі қозғаушы – өсімдік шаруашылығы. Отандық агро сала өкілдері екінші жыл қатарынан рекордтық өнім жинады.
Жалпы жиналған астық көлемі 27 млн тоннаға жетті, ал республика бойынша орташа түсім гектарына 17 центнерді құрады. Көптеген шаруашылықтар гектарынан 40 центнер және одан да жоғары өнім алды.
Мысалы, Геннадий Зенченко шаруашылығында түсім гектарына 46 центнерге жетті, ал Қостанай облысындағы «Тоғызбай Агро» және Ақмола облысындағы «Максимовское» шаруашылықтарында гектарына 41 центнер көрсеткіші тіркелді. Жоғары нәтижелер көрсеткен өзге де шаруашылықтар бұл тізімге енді.
«Фермерлер өнімділіктің артуына мемлекеттік қолдаудың шешуші ықпал еткенін айтты. Президенттің тапсырмасына сәйкес жеңілдетілген несие мен лизингке бөлінген 1 трлн теңге аграрларға қажетті агротехнологиялық жұмыстарды дер кезінде жүргізуге және техника сатып алуға мүмкіндік берді.
Соңғы екі жылда тыңайтқыш енгізу көлемі 3 есеге өсіп, 1,8 млн тоннаға жетті, ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 6,5% болды. Бұл шаруашылықтардың 25 мың бірлік жаңа техника мен жабдық сатып алуына жол ашты», – деді министр.
Егіс алқаптарын әртараптандыру белсенді жүзеге асырылуда. Бидай егілетін жер көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарды, ал майлы дақылдар 4 млн гектарды, бұршақ дақылдары 780 мың гектарды құрап отыр.
Жиналған өнім ішкі нарық сұранысын толық өтейді және экспортты ұлғайтуға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылы экспорт көлемі 13,4 млн тоннаны құрады.
Форум аясында агроөнеркәсіптік кешенде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесі ұйымдастырылды. Онда есеп жүргізуге, болжамдауға және деректерді талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ АӨК өндірісінің тиімділігін арттыруға арналған отандық стартаптар таныстырылды.