Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр: Жерге деген сүйіспеншілік өмірлік ұстанымға айналғанда

Қазақстанның Еңбек Ері  Иван Сауэр: Жерге деген сүйіспеншілік өмірлік ұстанымға айналғанда

Қазақстан ауыл шаруашылығының дамуына ғұмырын арнап, нағыз еңбек адамының жарқын үлгісін көрсеткен азаматтардың бірі – Еңбек Ері, көрнекті маман, экономика ғылымдарының кандидаты, табысты агробизнес символы Иван Адамович Сауэр.

Бригадирден – Еңбек Еріне дейін

Иван Адамович Сауэр 1958 жылы 11 маусымда Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Малиновка ауылында, еңбекқор отбасында дүниеге келген.

Әкесі Адам Иванович Сауэр елге сыйлы адам болған, ұлына жауапкершілік пен жерге деген сүйіспеншілікті үйреткен.

1980 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған соң, Иван Сауэр еңбек жолын «Қызыл Ту» кеңшарында бастаған. Ол мұнда тракторшы-бригадир қызметінен бастап, бас инженерге дейін көтерілді.
1987 жылы «Родина» кеңшарына директор болып тағайындалып, 1994 жылы шаруашылықты жекешелендіріп, оны «Агрофирма Родина» ЖШС ретінде қайта құрды. Бұл кәсіпорын бүгінде Қазақстандағы ең табысты ауыл шаруашылығы ұйымдарының бірі саналады.

Заманауи ауылдың үлгісін қалыптастырған көшбасшы

Иван Сауэр басшылық еткен жылдары «Агрофирма Родина» заманауи агроөндірістік кәсіпорынның эталонына айналды. Мұнда инновациялық агротехнологиялар, дәлме-дәл егіншілік жүйелері мен автоматтандырылған басқару жүйелері енгізілген.

Кәсіпорын жыл сайын 40 мың тоннадан астам сүт өндіреді, ал ауылды дамытуға салынатын инвестиция көлемі жылына 1 миллиард теңгеге жетеді.

Кешенді тәсілдің арқасында Родина ауылы тұрақты ауылдық дамудың үлгісіне айналды. Нақты айтқанда: жұмыссыздық жоқтың қасы, мектептер, балабақшалар, медициналық пункттер, спорт кешендері салынып, жолдар жөнделді, көше жарықтары орнатылды, мәдениет нысандары дамуда.

Жас мамандарды қолдау-оларға тұрғын үй беру, білім алу мен мансаптық өсуге мүмкіндік жасау басты назарда.
Иван Адамович ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын өзі жеке бақылап отырады. Ол әрдайым: «Бизнес дамуы – адамдарға қамқорлықсыз мүмкін емес» дейді.

Жерге адал жан

Иван Сауэр әрдайым ауыл шаруашылығындағы жетістік – ең алдымен еңбек пен жерге деген сүйіспеншілік деп есептейді. Ол ғылым мен тәжірибені ұштастыруды, ауыл аймақтарының тұрақты дамуын және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қолдайды.
Оның басқарудағы басты ұстанымы: тәртіп, жаңашылдық және адамгершілік үйлесімі.

Агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына және бизнестегі әлеуметтік жауапкершілікке қосқан зор үлесі үшін Иван Адамович Сауэр көптеген марапаттарға ие болған.

Олардың қатарында: «Достық» ордені (1996 ж.), «Парасат» ордені (2005 ж.), «Отан» ордені (2011 ж.), «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы (2013 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2025 ж.) бар. Сондай-ақ, өңір мен ел дамуына қосқан үлесі үшін 70-тен астам орден мен медальға ие болды.

Сонымен қатар, Иван Сауэр ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының құрметті академигі, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дың құрметті профессоры (аталған университеттің «Ең үздік түлек» атағын иеленген жалғыз түлек), Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құрметті профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ақмола облысы мен Целиноград ауданының құрметті азаматы, полковник.

Қазақ ауылына айналған символ

Иван Адамович Сауэр есімі жауапкершілік, кәсібилік және туған жерге адалдықтың символы. Оның басшылығымен Родина ауылы – экономикалық табыспен әлеуметтік игілікті үйлестірген ауылдың жарқын үлгісі.

Ол – жай ғана агрофирма басшысы емес, ол үшін жер мен адамға қызмет ету – өмірлік миссия.

Ел игілігін еселеген тұлғаның ауыл шаруашылығының дамуына, ауыл аймақтарын қолдауға және еңбек арқылы ел бірлігін нығайтуға қосқан үлесі баға жетпес екені сөзсіз.