Сапархан Омаров Түркияның агроөнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесті

Сапархан Омаров Түркияның агроөнеркәсіп саласының өкілдерімен кездесті

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Түркияның ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізді

Іс-шараға Түркия Республикасының Сауда-өнеркәсіп палаталары мен тауар биржалары одағының құрамына кіретін компаниялардың басшылары қатысты.

Кездесу барысында қазақстандық тарап отандық АӨК дамуының басым бағыттарын таныстырды. Аталмыш салаға мемлекеттік жағынан жасалып жатқан қолдау шаралары туралы кеңінен айтып, еліміздің агроөнеркәсіп саласының инвестициялық тартымды тұстарын тілге тиек етті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудің негізгі әлемдік нарықтарына тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ететін Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы атап өтілді.

Кездесу соңында министр түрік кәсіпкерлерін ынтымақтастыққа және ауыл шаруашылығы мен өңдеу саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырды.

Сондай-ақ, Сапархан Омаров Түркия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирлимен келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастық және АӨК-дегі Қазақстан-Түркия инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

ҚР АШМ басшысы түрік инвесторларының қатысуымен іске асырылған АӨК-гі бірқатар табысты жобаларды, сондай-ақ құны $500 млн құрайтын 13 жаңа инвестициялық жобаны атап өтті.

"Түркия біздің бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесіміз. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге және өзара тиімді шарттармен тауар айналымының көлемін арттыруға үлкен мән береміз. Екі ел арасындағы сауданы одан әрі арттыру өте жоғары әлеуетке ие", - деп атап өтті С.Омаров.

Келіссөздер барысында Сапархан Омаров "KazBeef" ЖШС және "Ақтөбе ет кластері" ЖШС компанияларын ауыл шаруашылығы өнімдерін сенімді экспорттаушылар тізіміне қосу мәселесін қозғап, Түркия айтарлықтай табыстарға қол жеткізген сауда-логистикалық инфрақұрылымды құру, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, сапалы және қолжетімді азық-түлік өнімдерін өндіру саласында Қазақстан ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін білдірді.

"Қазақстан Түркияның тоқыма өнеркәсібін, былғары мен жүнді өңдеуді дамытудағы тәжірибесін жоғары бағалайды. Қазақстандық тарап бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі, өйткені елімізде шикізаттың жеткілікті көлемі бар. Сондай-ақ, аграрлық ғылым саласында бірлескен зерттеулер жүргізу үшін Түрік ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатқымыз келеді", - деді Сапархан Омаров.