Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін экспорттайтын ресейлік компаниялардың іскерлік миссиясы өтуде. Іс-шараның мақсаты – аграрлық сауда, инвестиция және технологиялар алмасу салаларында Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту.
Ашылу рәсіміне ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, РФ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Роман Некрасов, сондай-ақ ет, сүт, астық, май-тоң май, кондитер және балық өнеркәсібі салаларындағы, сусындар мен тұқым өндіретін 40 жетекші ресейлік компания өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан 50-ден астам ұйым – мемлекеттік органдар, салалық қауымдастықтар және бизнес өкілдері қатысуда.
Миссия аясында пленарлық сессия, салалық дөңгелек үстелдер, бизнес-келіссөздер өтті, сондай-ақ ірі сауда желісі Small және ет өңдеу кәсіпорны «Целинная фабрика» нысандарына жұмыс сапарлары жоспарланған.
Іс-шара аясында жетекші ресейлік ғылыми және селекциялық ұйымдардың, сондай-ақ астық, май-тоң май, ет, сүт және кондитер өнімдерінің экспозициясы ұйымдастырылған. Ол тек көрме алаңы ғана емес, сонымен қатар іскерлік келіссөздер, таныстырылымдар мен дегустациялар өткізу орнына айналды. Бұл ресейлік және қазақстандық компаниялар арасындағы жаңа серіктестік байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.
Іскерлік миссияның негізгі шарасы – «Ресей – Қазақстан: АӨК өнімдері саудасындағы өзара тиімді ынтымақтастық» тақырыбындағы пленарлық сессия өтті.
Қатысушыларға Ербол Тасжүреков пен Роман Некрасов құттықтау сөз сөйледі.
«Агроөнеркәсіптік кешен біздің елдеріміз экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады, ол азық-түлік қауіпсіздігін және өңірлердің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Тәжірибе алмасу және бірлескен шешімдер іздеу серіктестік байланыстарды нығайту мен жаңа жобаларды іске асырудың берік негізіне айналатынына сенімдімін», – деді Ербол Тасжүреков.
2025 жылғы қаңтар–тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы АӨК өнімдерінің өзара сауда айналымы 2,4%-ға артып, 2,482 млрд АҚШ долларын құрады (2024 жылдың сәйкес кезеңінде – 2,542 млрд доллар). Қазақстаннан экспорт 7,8%-ға, импорт 1,4%-ға өсті.
Бүгінгі таңда ірі бірлескен инвестициялық бастамалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, Түркістан облысында ресейлік «Эко-Культура» компаниясының қатысуымен 500 гектарлық жылыжай кешені салынуда. Солтүстік Қазақстан облысында «Хлебпром» компаниясы (ТОО Bakerton) ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Тараптар ет, сүт және май-тоң май салаларында, сондай-ақ глютенсіз өнім өндіру және қант қызылшасын өңдеу бағыттарында кооперацияны дамытуға дайын екендерін білдірді.
Іскерлік миссияның негізгі тақырыптарының бірі – астық, ет, сүт және май-тоң май секторларындағы ынтымақтастық, аграрлық білім беру саласындағы бірлескен бастамалар, ресей-қазақстандық агробиотехнопарк құру, сондай-ақ HoReCa және ритейл сегменттерін дамыту болды.
Ресей тарапы Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі жоғары әлеуетін атап өтіп, сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, технологиялармен алмасуға және бірлескен өндірістер құруға мүдделілік танытты. Бұл екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.