Алматыда аусыл бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары талқыланды

Алматыда аусыл бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары талқыланды

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (ДЖДҰ) Бас директордың орынбасары Баба Сумаре, ветеринариялық-санитариялық мәселелер жөніндегі техникалық директор доктор Седрик Дезье және Boehringer Ingelheim (Франция) компаниясының кеңесшісі, профессор Казимирас Лукаускаспен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар аусылмен күрес саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, соның ішінде вакциналарды өндіру және жеткізу, олардың айналымдағы штамдарға сәйкестігі, сондай-ақ вакциналарды Қазақстан аумағында жергілікті деңгейде өндіру перспективаларын талқылады.

Ерекше назар эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ветеринариялық биотехнология саласындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ қазақстандық мамандарға арналған бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен оқыту бағдарламаларын іске асыруға аударылды.

Вице-министр атап өткендей, Қазақстан Республикасының Үкіметі ветеринариялық қауіпсіздік мәселелеріне басымдық береді. Мемлекеттік қолдау аясында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту шаралары жүзеге асырылуда: ветеринариялық станциялар мен пункттер, мал қорымдары салынып, сою пункттері жаңғыртылуда. Сонымен қатар, зертханалар кезең-кезеңімен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, 2027 жылдан бастап ветеринариялық мамандардың еңбекақысын арттыру көзделген.

Аманғали Бердалин министрліктің заманауи технологияларды енгізуге және елдің ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми және тәжірибелік ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ сындарлы диалогты жалғастыруға мүдделілік танытты. Сонымен бірге, Қазақстанның аусыл бойынша қолайлы ел мәртебесін ДЖДҰ халықаралық талаптарына сәйкес алу бағытында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.