Қазақстанда «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын ветеринариялық білім беруге интеграциялау және үйлестіру жөніндегі семинар өтті

Қазақстанда «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын ветеринариялық білім беруге интеграциялау және үйлестіру жөніндегі семинар өтті

Алматы қаласында «Ветеринариялық білім беруді үйлестіру: Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының (ДЖДҰ) халықаралық құзыреттеріне сәйкестік және «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын интеграциялау» тақырыбында өңірлік семинар өтті.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымымен (ДЖДҰ) бірлесіп, Еуропалық Одақ пен Қазақ ұлттық аграрлық-зерттеу университетінің қолдауымен өткізді. Семинардың мақсаты – өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ветеринария саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыру және адам, жануар мен қоршаған орта денсаулығын біріктіретін «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы шеңберінде кешенді тәсілді енгізу болды.

Семинарға Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің ветеринариялық қызмет өкілдері мен жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының мамандары, сондай-ақ ДЖДҰ сарапшылары, Еуропалық ветеринариялық білім беру қауымдастығының (EAEVE) өкілдері, Миннесота университетінің (АҚШ) және Лиссабон университетінің (Португалия) профессор-оқытушылары қатысты.

«Қазіргі сын-қатерлер мамандарды даярлауда күш біріктіру мен жаңа тәсілдерді қажет етеді. Ветеринариялық білім беруді үйлестіру және «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасын енгізу – ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыру мен биологиялық қауіпсіздікті күшейтудің маңызды қадамы», – деді семинардың ашылуында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

ДЖДҰ Бас директорының орынбасары доктор Бубакар Сумаре өз сөзінде:

«Қазіргі заманғы оқу бағдарламаларын және үздіксіз кәсіби білім беру жүйесін дамыту – тұрақты әрі тиімді ұлттық ветеринариялық қызметтердің негізі болып табылады», – деп атап өтті.

Үш күнге созылған семинар барысында қатысушылар ветеринариялық факультеттерді бағалау мен аккредиттеу тәжірибелерін, оқу бағдарламаларын халықаралық үйлестіру қағидаттарын, сондай-ақ «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы аясындағы пәнаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Семинар қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту, үздіксіз кәсіби оқытуды дамыту жөнінде ұсыныстар әзірленіп, халықаралық стандарттарға сай ветеринариялық білім беруді үйлестірудің өңірлік жол картасы дайындалатын болады.