
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қаржыландыруды жеңіл әрі қолжетімді ететін пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудан жеңілдетілген несиелеу жүйесіне көшу бойынша жұмысты жалғастыруда.
АӨК субъектілерін қолдау мақсатында жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары іске асырылуда. Оның шеңберінде көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке алу, қайта өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыру, бордақылау алаңдарына ірі қара және ұсақ қара мал сатып алуға болады. Болашақта басқа бағыттарды қамту жоспарланған.
Бұл қадамдар АӨК субъектілеріне субсидияға жүгінбей-ақ, бірден 5% сыйақы мөлшерлемесімен несие мен лизинг алуға жол ашады. Қолданыстағы сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасы мен субсидиялардың уақытылы төленбеуі АӨК субъектілерінің жоспарлауына және қаржылық тұрақтылығына кері әсерін тигізді.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылғы 20 қазанда Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 2 қазандағы №349 бұйрығы өз күшіне енеді. Бұйрыққа сәйкес, айналым қаражатын толықтыруға арналған субсидиялауды алып тастау, ұсыныстарды резервке (күту парағына) қабылдауды тоқтату және қаржы институттарының пайыздық мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау нормалары түзетілетін болады.
Сонымен қатар, Ережелер шеңберінде инвестициялық мақсаттағы қарыз шарттары бойынша субсидиялау сақталады.
Ерекше атап өтерлігі, 2025 жылғы 2 қазандағы №349 бұйрық күшіне енгенге дейін резервке (күту парағына) түскен барлық субсидиялау ұсыныстары бюджет қаражатының түсуіне қарай субсидиялау шарттарын кейінірек жасасу үшін сақталады. Жұмыс органы (Облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармалары) бұйрық күшіне енгенге дейін қарастырып үлгермеген субсидиялау ұсыныстары да қаралады және мақұлданған жағдайда резервке (күту парағына) енгізіледі.
2025 жылғы 20 қазаннан бастап субсидиялау бойынша ұсыныстарды қабылдау тек бюджетте қаражат болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.