Шанхай қаласында (ҚХР) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы Қазақстаннан Қытайға экспортталатын шошқа етіне қойылатын инспекция, карантин және қауіпсіздік талаптарын реттейтін хаттамаға қол қойды.
Бұл — маңызды қадам, себебі бұған дейін Қазақстанның шошқа еті Қытай нарығына жеткізілмеген, және бірде-бір қазақстандық кәсіпорын ҚХР-ға шошқа етін экспорттауға рұқсат алмаған еді. Хаттама шошқа етін жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін ашады, яғни, тек мұздатылған және салқындатылған ет қана емес, сонымен қатар субөнімдер мен термиялық өңделген өнімдер де қамтылатын болады. Құжатқа қол қою екіжақты сауда қатынастарын дамытудың жаңа белесін ашып, Қазақстанның шошқа шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін нығайтуға ықпал етпек.
Экспорт көлемінің ұлғаюы кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға және ауылдық өңірлердің дамуына серпін береді.
«Бұл хаттама — Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық және сауда байланыстарын дамыту, сондай-ақ қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарда кеңінен таныту жолындағы маңызды қадам», — деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Әсіресе, инспекция және карантин мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.