Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы азық-түлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі конференцияға қатысты.
Шанхайда өткен форумға 30-дан астам елдің өкілдері — министрлер, дипломаттар, салалық ведомстволар мен халықаралық ұйымдардың басшылары жиналды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыруға белсенді қатысып келеді. Азық-түлік қауіпсіздігі бүгінде жай ғана міндет емес, ұлттық және жаһандық күн тәртібінің басымдығына айналды. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы — бұл тек логистика мен инфрақұрылым емес, сонымен қатар орнықты аграрлық дамудың жаңа тәсілдері. Осы бағытта Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын», — деді панельдік сессия барысында Айдарбек Сапаров.
Министр Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне кеңінен тоқталды. 2024 жылы жалпы ауыл шаруашылық өнімі көлемі 13,7%-ға артты. Астық өнімі 26,7 млн тонна, майлы дақылдар — 3,2 млн тонна, көкөністер — 3,9 млн тонна болды. Мал шаруашылығында да өсім байқалды: ет өндірісі 4,3%, сүт өндірісі 4,4% көбейді. Бүгінде қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 70 еліне экспортталады. Біздің ел астық экспорты бойынша әлемде 10-орында, ал ұн экспорты бойынша — 2-орында тұр. Соңғы бес жылда экспорт көлемі 1,5 есе артқан. Әсіресе, терең өңдеу бағыты белсенді дамып келеді: қайта өңделген өнім экспортының көлемі 2,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 2,3 есе өскен.
«Шикізатқа негізделген үлгіден қосылған құны жоғары өнім экспортына көшу — стратегиялық басымдық. Бұл — отандық агроөнеркәсіптің жаһандық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізі», — деп атап өтті министр.
Мемлекеттік саясат саланың орнықты өсуі мен технологиялық жаңаруына бағытталған. Қазір мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Ол тауарлы фермаларды, құс фабрикаларын қолдауды, қаржыландыруды кеңейтуді және жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын құруды қамтиды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде 9 сатыға көтеріліп, 113 елдің ішінде 32-орынды иеленді.
Министр ҚХР Бас кеден басқармасына және Сунь Мэйцзюнь ханымның өзіне екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдірді:
«Қытайлық әріптестеріміздің ашықтығын және сындарлы диалогқа дайын екенін жоғары бағалаймыз. Қазіргі уақытта екіжақты ынтымақтастығымыз жаңа сапалық деңгейге шықты», — деді Айдарбек Сапаров.
Конференция барысында қазақстандық тарап «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында азық-түлік қауіпсіздігі, агрологиялық тізбек, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі ғылым мен технология салаларында өзара іс-қимылды тереңдету идеясын қолдады. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушы елдер арасында импорт пен экспорт кезінде азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық тетігі туралы Ереже қабылданды. Сонымен қатар, мамандандырылған көрме ашылып, салалық министрліктер өкілдерінің қатысуымен тақырыптық сессиялар мен пленарлық отырыстар өтті.