Аманғали Бердалин: Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара бірлескен іс қимылсыз мал шаруашылығын тиімді дамыту мүмкін емес

Аманғали Бердалин: Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара бірлескен іс қимылсыз мал шаруашылығын тиімді дамыту мүмкін емес

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің қатысуымен Ақтөбе облысында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен, облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен және «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігімен кездесу өтті.

Онда сондай-ақ Қазақстан азаматтық альянсының вице-президенті Гүлнар Курбанбаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері қатысты.

Іс-шара «Күшті азаматтық қоғам – өркендеген Қазақстан» тақырыбындағы XII Азаматтық форумға дайындық аясында ұйымдастырылды. Форум 16–17 қазан күндері өтеді.

Вице-министр өз сөзінде аталған форумның азаматтық қоғамның ел тәуелсіздігі мен әділетті мемлекетті қалыптастыру жолындағы ықпалын талқылайтын басты алаң болатынын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығын тиімді дамыту — мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы ашық әрі тұрақты диалогсыз мүмкін емес.
Бүгінгі аграрлық саясат жоғарыдан төмен қарай емес, күн сайын далада маңдай терін төгіп, ауылдың дамуына үлес қосып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген азаматтармен тығыз байланыста қалыптасуы тиіс.
Мұндай кездесулер — жай ғана пікір алмасу емес, салаға бағытталған қолдау жүйесін неғұрлым икемді, ашық әрі нақты етуге мүмкіндік беретін бірлескен жұмыс тетігі.
Тек мемлекет, қоғамдық институттар және фермерлердің күшін біріктіру арқылы ғана аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, қабылданған шешімдерге халықтың сенімін арттыра аламыз», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.

Ауыл шаруашылығы еліміз экономикасындағы негізгі салалардың бірі. Ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды арттыруға және экспорттық әлеуетті күшейтуге жол ашады.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту — мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы.
Мемлекет технологиялық жаңғыртуға, инвестиция тартуға және фермерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасап отыр», — деді вице-министр.

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,4%-ға өсіп, 3,6 трлн теңгені құрады.
Әсіресе, өсімдік (+4%) және мал шаруашылықтарында (+3,2%) анық байқауға болады.
Ет өндіру көлемі 1,9%-ға, ал сүт өндіру 6%-ға артты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында да оң қарқын бар.
Мәселен, азық-түлік өндірісі 10,1%-ға,
сусындар өндірісі 7,1%-ға өсті.
Жекелеген өнім түрлері бойынша өсім айтарлықтай. Олар: қант (+24%), ет консервілері (+29,7%), өсімдік майы (+27%), сары май (+15%).

Кездесуде ветеринариялық қауіпсіздік, субсидиялау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, цифрландыру және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар тұқым шаруашылығын жетілдіру, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу, аграрлық бағдарламалардың орындалуына қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Басқосу қорытындысы бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар жинағы әзірленіп, ол XII Азаматтық форумның материалдарын дайындау кезінде ескерілетін болады.

Кездесу соңында Аманғали Бердалин қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғыс айтып, мұндай пікір алмасулардың мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті нығайтуға және саланың өзекті мәселелерін шешуге нақты жолдар табуға мүмкіндік беретініне тоқталды.