Айдарбек Сапаров Ақмола облысындағы «Шуйское XXI» шаруашылығының қызметімен танысты

Айдарбек Сапаров Ақмола облысындағы «Шуйское XXI» шаруашылығының қызметімен танысты

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары барысында Ақмола облысындағы жетекші аграрлық кәсіпорындардың бірі — «Шуйское XXI» кәсіпорнына барып, оның өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және көкөніс өсіру бағыттарындағы тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын өндіріске заманауи технологияларды табысты енгізіп келеді.

Кәсіпорынның ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 35,2 мың гектарды құрайды, оның ішінде 31,5 мың гектары – егістік, ал 3,6 мың гектары – жайылымдық жер.
Ал 31,3 мың гектарда 2025 жылы көктемгі егіс жұмыстары жүргізілді.
Негізгі үлес дәнді дақылдарға тиесілі. Атап айтқанда, барлығы 24,1 мың гектар, оның ішінде бидай – 20 мың гектар, арпа – 4 мың гектар.
Майлы дақылдар 4 мың гектарға егілген (негізінен зығыр), ал мал азықтық дақылдар 2,3 мың гектардан астам жерді қамтиды.
Суармалы жерлерде жүгері, жоңышқа, арпа және картоп өсіріледі.

Министр шаруашылықтың өндірістік нысандарын, тұқымдық және тауарлық астық сақтау мүмкіндіктерін қарап, кәсіпорынның жоғары деңгейдегі техникалық жарақтандырылуына назар аударды.
Машина-трактор паркі құрамында 27 трактор, 20 New Holland астық комбайны, 10 Case егіс кешені, Patriot бүріккіштері, MacDon жапқыштары және Jaguar 850 жемшөп жинайтын комбайны бар.
Заманауи техника өнімділікті арттырып, күрделі ауа райы жағдайларында да тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашлығының дамуына да министр айрықша көңіл бөлді.
Кәсіпорында 300 басқа арналған сүт-тауар фермасы жұмыс істейді, онда малды ұстау мен сауу процесінде заманауи технологиялар қолданылады.
2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында ферма 1 626 тонна сүт өндірді.

Айдарбек Сапаров сондай-ақ 2023 жылы пайдалануға берілген жаңа көкөніс сақтау қоймасын аралап көрді.
5 560 шаршы метр аумақты қамтитын кешен 10 мың тонна өнімді бір мезгілде сақтауға арналған және немістің GRIMME компаниясының заманауи жабдықтарымен қамтылған.
Қойма маусымаралық кезеңде өнім сапасын сақтауға және ішкі нарықты көкөніспен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Шуйское XXI» ЖШС әлеуметтік жауапкершілік пен ауылдық аумақтарды дамытуға да зор көңіл бөледі.
Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен құны 400 млн теңге болатын заманауи спорт кешені, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған 10 пәтерлі 6 тұрғын үй салынды.

Айдарбек Сапаров атап өткендей, кәсіпорынның қызметі ауылдық аумақтарды кешенді дамыту үлгісін көрсетеді:

«Аграрлық сектордың міндеті – тек өнім өндіру емес, сонымен қатар ауылды дамыту, жұмыс орындарын ашу, адамдарға сапалы өмір жағдайын жасау. “Шуйское XXI” сияқты кәсіпорындар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы-жауапкершілік пен жүйелі еңбектің нәтижесі екенінің көрсеткіші», — деді министр.