Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин Ақтөбе облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді.
Оған агробизнес өкілдері, шаруа қожалықтарының басшылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Әңгіме барысында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мәселелері, ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ саланың ағымдағы сегіз айының жұмыс қорытындысы талқыланды.
«Мемлекет басшысы аграрлық сектор алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет қолдау шараларын күшейтіп, қолжетімді қаржыландыруға, технологиялық жаңғыртуға және қайта өңдеу саласын дамытуға басымдық беріп отыр», — деп атап өтті Аманғали Бердалин.
Вице-министрдің айтуынша, биыл қазақстандық фермерлер алғаш рет 1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткіздіқ. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда он есеге артық.
1 қазаннан бастап 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына өтінім қабылдау басталды.
«Даму» қоры 230 млрд теңге сомасына 1300 кепілдік берді, бұл фермерлердің кепіл мүлік тапшылығы мәселесін шешіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда.
Мәселен, минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге артып, 1,8 млн тоннаға жетті;
элиталық тұқым үлесі 11,2% болды;
ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі 250 млрд теңгеге жетіп, техника паркі ескіруі 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді.
Мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Елдің барлық өңірлерінде 69 сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді, тағы 47 жоба жүзеге асырылу кезеңінде.
Барлық нысандар іске қосылғаннан кейін жылдық сүт өндірісі 600 мың тоннаға артады, бұл импортқа тәуелділікті едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Фермерлер үшін 50 млрд теңге көлемінде 5% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды.
Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр, ол кредиттік құралдар аясын кеңейтіп, салаға қосымша инвестициялар тартуға бағытталған.
Өңдеу өнеркәсібінде 44 млрд теңге жеңілдетілген қаржы қарастырылып, оның ішінде 62 жоба 23,9 млрд теңге сомасында қаржыландырылды.
Елімізде 14,6 млн гектар (90,7%) дәнді дақыл жиналып, орташа өнімділік 16,1 ц/га деңгейінде қалыптасып, 23,4 млн тонна астық бастырылды.
Ақтөбе облысында егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын: 98% астық алқабы жиналып, 540,3 мың тонна астық бастырылды.
Сонымен қатар 245,4 мың тонна майлы дақылдар, 37,6 мың тонна картоп, 29,4 мың тонна көкөніс және 13 мың тонна бақша өнімдері жиналды.
2,3 млн тоннадан астам мал азығы дайындалып, қысқы маусымды қолайлы өткізуге жағдай жасалды.
Өңірдегі ірі қара мал саны – 611,4 мың бас, ал ұсақ мал саны – 1,27 млн бас.
2025 жылы облыстың 75 ауыл шаруашылығы өндірушісі 5,9 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, 109 мың гектар егістік жерді қамтыды.
Ағымдағы жылдың сегіз айында өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне салынған негізгі капитал инвестициясы 52,5 млрд теңгені құрады.
«Біздің мақсатымыз – тек өндіріс көлемін ұлғайту емес, сонымен қатар тиімді, заманауи және экспортқа бағытталған ауыл шаруашылығын қалыптастыру. Мемлекеттік қолдау нақты нәтиже беріп, фермерлердің табысын арттыруға және ауыл экономикасын нығайтуға ықпал етуі тиіс», — деді Аманғали Бердалин.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері ветеринарлық қауіпсіздік, мал шаруашылығын қолдау, экспорт және дизель отынын бөлу мәселелерін көтерді.
Сапар соңында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындар және фермерлермен өзекті сұрақтар бойынша пікір алмасып, мемлекеттік қолдау тетіктері жайында ақпарат ұсынды.