Ақмола облысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың өңірдің аграрлық сектор өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге облыс әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.
Ашық диалог түрінде өткен жиында мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары, заманауи агротехнологияларды енгізу, мал шаруашылығын дамыту және отандық агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Министрдің айтуынша, бүгінде сала алдында Мемлекет басшысы қойған ауқымды міндеттер тұр. Маңыздысы – тек өндіріс көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен бірге тұрақты, тиімді және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы жүйесін қалыптастыру.
Биыл шаруалар 1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді.
Бұл аталған сала үшін рекордтық көрсеткіш деуге болады.
Келесі жылғы көктемгі егіс жұмыстарына қаржыландыруға өтінімдер қабылдау 1 қазаннан басталды.
Бұл шаруаларға жаңа маусымға алдын ала дайындалуға және барлық қажетті жұмысты уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері «Даму» қоры 230 млрд теңге сомасына 1300 кепілдік берген. Бұл тетіктің арқасында жеткілікті кепіл мүлкі жоқ фермерлер де несие алып, жаңа жобаларды іске асырды.
«Мемлекеттік қолдауға бөлінген әрбір теңге нақты нәтиже беруі тиіс. Яғни, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және фермерлердің тұрақты дамуын күшейтуге бағытталуы қажет. Тек осылайша аграрлық саланың сапалы өркендеуіне қол жеткізуге болады», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Салада егіс құрылымын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.
Бидай егісінің аумағы шамамен 900 мың гектарға қысқарып, соның есебінен майлы дақылдардың көлемі 1 млн гектардан астамға артты.
Мал шаруашылығын қолдау мақсатында айналым қаражатын 5% жылдық мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасы іске асырылуда. Оның жалпы көлемі – 50 млрд теңге. Бұл шара өндірісті ұлғайтуға және саланың табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол несиелік өнімдер желісін кеңейтуді, инвестициялық жобаларды қолдауды және «Даму» қорының кепілдігін 80%-ға дейін ұлғайтуды қарастырады. Бағдарламаға тауарлы шаруашылықтар, құс фабрикалары және өнімді қайта өңдеу кәсіпорындары да енгізілмек.
Министр елімізде ауыл шаруашылығы санақтарының екінші кезеңі жалғасып жатқанына тоқталды. Оның нәтижелері статистикалық деректерді жаңартуға және мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіруге негіз болады.
Айдарбек Сапаров жеке қосалқы шаруашылықтарды қоса алғанда, барлық өндірушілерді толық қамту қажеттігін атап өтті.
Бұл саланың ахуалын нақты бағалауға мүмкіндік береді.
Өткен жылдан бастап көктемгі дала жұмыстары бағдарламасына ұқсас өңдеуші кәсіпорындарды жеңілдетілген несиелеу тетігі іске қосылды.
Ағымдағы жылы бұл мақсатқа 44 млрд теңге бөлініп, 62 жоба 23,9 млрд теңгеге қаржыландырылды.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері саладағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды.
Министр субсидиялау, логистика, инфрақұрылым және қаржыландыруға қолжетімділікке қатысты сұрақтарға жауап беріп, барлық ұсыныстар салалық бағдарламаларды әзірлеу кезінде ескерілетінін айтты.