Айдарбек Сапаров Қостанай облысына жұмысы аясында ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесті.
Онда Мемлекет басшысы айқындаған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша басым бағыттары мен шаруашылық маусымының алдын ала қорытындылары талқыланды.
«Еліміздің шаруалары тарихта алғаш рет бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізді — жеңілдетілген қаржыландыру көлемі бір триллион теңгеден асты. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасын жүйелі орындаудың нәтижесі және отандық ауыл шаруашылығының тиімділігі мен технологиялық деңгейін арттырудағы маңызды қадам», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша, соңғы екі жылда сала тұрақты түрде оң серпін көрсетіп келеді. Қабылданған шаралар фермерлерге материалдық-техникалық базаны нығайтуға және белсенді түрде заманауи технологияларды енгізуге жол ашты.
Мәселен, 2025 жылы минералдық тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге артып, 1,8 млн тоннаға жетті, элиталық тұқымдардың үлесі 11,2%-ға өсті, ал ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі 250 млрд теңгеге жетті. Соның арқасында машиналар мен тракторлар паркінің ескіруі екі жыл ішінде 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді.
Биыл республика бойынша егіс алқаптарын ауқымды әртараптандыру жүзеге асырылды.
Бидай егісі шамамен 900 мың гектарға қысқарса, майлы дақылдар егісі 1 млн гектардан астам ұлғайды. Оның ішінде күнбағыс — 500 мың, зығыр — 380 мың, бұршақ тұқымдастар — 280 мың гектарға артты.
9 қазандағы жағдай бойынша, Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарының 14,2 млн гектары немесе жалпы алқаптың 89%-ы жиналды.
22,7 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 15,9 центнерді құрады.
Қостанай облысында 3,27 млн гектар (80,1%) алқап орылып, 4,74 млн тонна астық, 260,3 мың тонна майлы дақыл, 84,4 мың тонна картоп және 10,9 мың тонна көкөніс жиналды.
Айдарбек Сапаров атап өткендей, аграрлық сектордың тұрақты өсімі тек егіншілік есебінен ғана емес, мал шаруашылығын дамытудың арқасында да оң нәтиже көрсетіп отыр.
Фермерлерді қолдау мақсатында айналым қаражатын 5% жылдық мөлшерлемемен несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Оның жалпы көлемі — 50 млрд теңге, бұл көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бағдарламасына ұқсас.
«Президенттің тапсырмасымен мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол несиелік құралдар желісін кеңейтіп, салаға инвестиция тартуға қосымша мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Даму» қоры несие сомасының 80%-ына дейін кепілдік беретін болады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржыға қолжетімділігін едәуір жеңілдетеді», — деді министр.
Өткен жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын несиелеу басталған болатын.
2025 жылы бұл мақсатқа 44 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 62 жоба 23,9 млрд теңге сомасына қаржыландырылды.
Негізгі басымдықтардың бірі — экспорт нарықтарын кеңейту.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Аграрлық экспорт жоспары әзірленуде.
Кездесуде шаруалар егін жинау науқанының барысы туралы баяндап, өнімділікті арттыру тәжірибесімен бөлісті.
«Қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған — қолжетімді қаржыландыру, техника, тұқым, тыңайтқыштар бар. Агротехнологияларды сақтап, жұмысты дұрыс ұйымдастырғандар жоғары нәтиже көрсетуде. Кейбір шаруашылықтарда өнімділік гектарына 28–35 центнерден асып отыр. Бұл – оңтайлы тәсіл мен мемлекеттік жүйелі қолдаудың айғағы», — деді «Алтынсарино» ЖШС директорының орынбасары Борис Князев.
Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірушілері субсидиялау, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, мал шаруашылығын қолдау бағдарламалары және несиелік ресурстардың қолжетімділігіне қатысты сұрақтар қойды.
Министр барлық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсініктеме берді.
«Көтерілген барлық сұрақтар министрліктің тұрақты бақылауында. Біздің мақсатымыз — әрбір фермер мемлекеттің нақты қолдауын сезініп, дамуға мүмкіндік алуы. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау бар. Ендігі қадам сіздердің белсенділіктеріңізге, жауапкершіліктеріңізге және ұсынылған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға байланысты», — деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.
Жұмыс сапарының соңында министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.