Айдарбек Сапаров Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті

Айдарбек Сапаров Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері және тұрғындарымен кездесу өткізді.

«Президент аграрлық сала алдында нақты міндеттер қойды. Оларды іске асыру үшін мемлекет пен саланың өкілдері күш біріктіруі қажет. Осы аптада біз Павлодар және Абай облыстарының фермерлерімен кездестік, онда саланы дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Шаруалар мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары нақты нәтижесін беріп жатқанын атап өтті: қаржыландыруға, заманауи технологиялар мен өткізу нарықтарына қолжетімділік артты. Сіздердің пікірлеріңізді де тыңдап, ортақ басымдықтарды анықтап, бірлескен шешімдер қабылдағымыз келеді», – деді Айдарбек Сапаров.

Биыл отандық дихандар шамамен 1 трлн. теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігі берілді.
1 қазаннан бастап келесі жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған несиеге өтінім қабылдау басталды.
«Даму» қоры 230 млрд. теңге сомасына жалпы 1300 кепілдік беріп, көптеген фермерлер үшін кепіл мүлік тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жаңа технологияларды белсенді енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруда.
Бір жыл ішінде тыңайтқыш енгізу көлемі үш есеге – 600 мыңнан 1,8 млн. тоннаға дейін артты, элиталық тұқым үлесі 11,2%-ға жетті, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу көлемі 250 млрд. теңгеге дейін өсті. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда техника тозуының деңгейі 80%-дан 70%-ға дейін төмендеді.

2025 жыл егін шаруашылығындағы құрылымдық өзгерістер жылы болды.
Бидай егісінің аумағы 900 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар 1 млн. гектардан астамға артты.
Күнбағыс 500 мың гектарға, зығыр 380 мың гектарға, бұршақ дақылдары 280 мың гектарға артық егілді.

Мал шаруашылығында да тұрақты оң динамика байқалуда.
Қазіргі уақытта 5% мөлшерлемемен айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске асырылуда, оның жалпы сомасы 50 млрд. теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол жаңа қаржыландыру құралдарын және «Даму» қорының 80%-ға дейінгі кепілдіктерін қарастырады.

Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешені де сенімді өсім көрсетіп отыр.
Өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өніміндегі үлесі 5,9%-ды құрайды.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 208,4 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 117,2%-ға өсті.
АӨК өнімдерінің экспорты 234,5 млн. АҚШ долларын құрап, 23%-ға артты, ал өңделген өнімнің үлесі 70,4%-ға жетті.

Саланы қолдауға 26,5 млрд. теңге бөлініп, оның 76%-ы игерілді.
Өңір негізгі азық-түлік тауарлары – нан, ет, көкөніс, күнбағыс майы және картоп бойынша өзін толық қамтамасыз етеді.

2025 жылы облыстың егіс алқаптары 617 мың гектарды құрады, оның 38,6%-ы – дәнді, 42%-ы – майлы дақылдарға тиесілі.
Қазан айының басында дәнді дақылдар егіс көлемінің 96,5%-ынан жиналып, орташа өнімділік 22 ц/га деңгейінде тіркелді.

Қазір өңірде 219 қайта өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 9 сүт өңдеу, 3 ет өңдеу және 12 май зауыты бар. Кейбір салалардағы өндірістік қуаттылықтың жүктемесі 90%-ға дейін жетеді.

СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында үш жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 600 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын жаңғырту және кеңейту, ірімшік өндіру көлемін арттыру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суару жүйелерін енгізу бар.

Кездесу барысында шаруалар тұқым шаруашылығын дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеңілдетілген несиелеу бағдарламасының шарттары және СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасының іске асырылуы жөнінде сұрақтар қойды. Барлық сауалдарға жан-жақты жауаптар берілді.

Сонымен қатар, жұмыс сапары аясында министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.