Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары аясында Абай облысының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Кездесу барысында басты назар егін жинау науқанының қорытындылары мен өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту перспективаларына аударылды.
Министрдің айтуынша, биыл еліміздің аграрийлері 1 трлн теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізді. 2026 жылғы көктемгі егіс және дала жұмыстарына өтінім қабылдау 1 қазанда басталды.
«Президенттің тапсырмасы бойынша аграрлық сектордың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекет фермерлердің өнімділікті арттыруына, озық технологияларды енгізуіне барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Саланың дамуы тек мемлекеттік қолдауға ғана емес, сонымен қатар сіздердің белсенділігіңізге, тәртіп пен нәтижеге жұмыс істеу ұмтылыстарыңызға байланысты», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары аграрийлердің заманауи технологиялар мен ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз етті.
Мысалы, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге өсті — 2023 жылғы 600 мың тоннадан ағымдағы жылы 1,8 млн тоннаға дейін артты. Элиталық тұқым үлесі 7,1%-дан 11,2%-ға дейін көбейді.
Алғаш рет ауыл шаруашылығы техникасын лизингке беру көлемі 250 млрд теңгеге жетті. Бұл техника паркін жаңартуды жеделдетіп, оның тозу деңгейін екі жыл ішінде 80%-дан 70%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді: бидай егісінің көлемі шамамен 900 мың гектарға қысқарып, майлы дақылдар алқабы 1 млн гектардан астамға ұлғайды.
2025 жылғы 7 қазанындағы жедел мәліметтерге сәйкес, елімізде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 13,6 млн гектардан жиналды, бұл жалпы егіс көлемінің 84,6%-ын құрайды. Орташа өнімділік гектарына 15,6 центнер болып, 21,3 млн тонна астық бастырылды.
Сондай-ақ 1,5 млн тонна майлы дақыл, 2,5 млн тонна картоп және 3,5 млн тонна көкөніс жиналды.
Абай облысында 239 мың гектардан астық жиналып, 265 мың тонна өнім бастырылды. 39,5 мың тонна майлы дақыл, 97 мың тонна картоп, 100 мың тоннадан астам көкөніс және бақша өнімдері жиналды.
Өткен маркетингтік жылы Қазақстан 13,4 млн тонна астық (астық эквивалентінде) экспорттады — бұл өткен жылғы көрсеткіштен 47%-ға көп. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары нәтиже болып отыр.
Мал шаруашылығында да оң серпін байқалады. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі сүт-тауарлы фермаларын салу бағдарламасының тиімділігін көрсетті. Егер 2019 жылы елде 19 заманауи ферма жұмыс істесе, бүгінде барлық өңірлерде 69 СТФ іске қосылып, тағы 47 нысан іске асырылу сатысында тұр.
Сонымен қатар, 5% мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде айналым қаражатын несиелендіру тетігі іске қосылды.
Қазіргі уақытта мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдаудың кешенді жоспары әзірленуде.
Көктемгі егіс жұмыстарына берілетін жеңілдетілген қаржыландыру үлгісі бойынша өткен жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын несиелендіру басталды. 2025 жылы бұл мақсаттарға 44 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 23,9 млрд теңге сомасына 62 жоба қаржыландырылды.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли ауыл шаруашылығы өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өтті.
«Бүгінде агросектор – бұл дәстүрлі сала ғана емес, өңір экономикасының өсімін қамтамасыз ететін қуатты драйвер. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 221 млрд теңгені құрап, облыс республика бойынша төртінші орынға шықты. Өңірдің агросекторында 11 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді.
Салаға 32 млрд теңге инвестиция тартылды, ал 2030 жылға дейін жалпы сомасы 197,5 млрд теңге болатын 85 ірі агрожобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында жылына 11,4 мың тонна өнім өндіретін ет комбинатының құрылысы бар, оның іске қосылуы 2026 жылдың тамызына жоспарланған», — деді Берік Уәли.
Кездесу барысында Абай облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері суармалы егіншілікті дамыту, мал шаруашылығын қолдау, ет кластерін құру, сүт-тауар фермаларын ашу және жеңілдетілген несиелендіру мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Барлық сұрақтарға толық жауап берілді.
Сондай-ақ, сапар аясында министр азаматтарды жеке қабылдау өткізді.