
Қазақстан Баварияда өткен Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Балтық елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуіне қатысты.
Делегацияны ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бастап барды. Бұл шара агроөнеркәсіптік кешеннің өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды алаңға айналды.
Негізгі тақырыптардың қатарында: АӨК-тің даму перспективалары, инновациялардың рөлі, ауыл шаруашылығындағы дәстүрлерді сақтау және жастарды агросекторға тарту мәселелері болды.
Қатысушылар пікір алмасып, ынтымақтастықты жалғастырудың алдағы қадамдары бойынша келісімдерге қол жеткізді.
Қазақстандық делегация Бавариядағы озық тәжірибе орталығы Груб жеріндегі LfL Standort Grub зерттеу орталығын, мал шаруашылығы, мал азығы өндірісі және ауыл шаруашылығы техникасы бойынша маманданған институттарды, сондай-ақ жануарлардың әл-ауқатына және энергияның тұрақты өндірісіне мән беретін демонстрациялық оқу орталығын аралады.
Ал, Petkus Technologie GmbH және Remington Seeds салалық компаниялармен кездесулерде тұқым шаруашылығы бойынша осы жылдың жоспарлары мен болашақ мақсаттар қаралды.
Вице-министр тұқым шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімділігін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті:
«Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымына жыл сайынғы қажеттілігі шамамен 2,3 млн тоннаны құрайды, жалпы 89%. қамтамасыз етілген. Бізде 250 аттестациядан өткен тұқым өндірушілер жұмыс істейді. Өткен жылы 126 жаңа сорт пен будан түрі мемлекеттік сортсынау тізіліміне енді, ал 2028 жылға дейін тағы 109 түріе енгізу жоспарланған.
Тұқым шаруашылығы субъектілеріне жыл сайын шамамен 13 млрд теңге субсидия қарастырылған, техника мен жабдық құнының 50 %-на дейін өтемақы беріледі, тыңайтқыш, пестицид және су ресурстары бойынша қолдау көрсетіледі, PETKUS жабдығын қоса алғанда, заманауи тұқым тазарту желілерімен шамамен 30 өндіруші жабдықталған.
«Тұқымдардың шығу тегін және қозғалысын барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық қадағалау платформасы енгізілуде. Қазақстан жаңа өсімдік сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық одаққа (UPOV) қосылу бағытында жұмыс жүргізуде. Бұл интеллектуалдық меншік құқығын қорғауды күшейтіп, халықаралық әріптестердің сенімін арттырады», – деді вице-министр.
Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында Қазақстан мен Германия арасындағы АӨК тауар айналымы 103,6 млн АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 %-ға көп. Экспорт зығыр тұқымының, рапстың, балық өнімдерінің, күнжараның, дайын азық-түлік тауарларының және басқа да өнімдердің есебінен 52 %-ға артты.
KFM-нің тұрақты сүт өндірісі бойынша бірлескен жобасы іске асырылып жатыр. Оның шеңберінде фермерлердің құзыретін арттыру, кеңесшілер мен шебер-жаттықтырушыларды даярлау, пилоттық фермаларда оқыту жұмыстары жүргізілуде. Жоба Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарын қамтиды.
Инвестициялық ынтымақтастық аясында CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын жергілікті өндіру жобасы аяқталды: инвестиция көлемі — 3 млрд теңге, қуаттылығы — жылына 300 техника, қазіргі таңда TUCANO 430, 450 және 580 үлгісіндегі 69 комбайн өндірілді.
Германияға сапар барысында вице-министр Баварияның жетекші аграрлық университеті – Вайенштефан-Трисдорф қолданбалы ғылымдар университетінде (HSWT) болып, тұрақты аграрлық білім беру және агросарапшы мамандарын даярлау тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты.