Ауыл шаруашылығы ардагерлерін қарттар күнімен құттықтады

Ауыл шаруашылығы ардагерлерін қарттар күнімен құттықтады

Халықаралық қарттар күніне орай Ауыл шаруашылығы министрлігінде аграрлық сала ардагерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Оған елдің агроөнеркәсіптік кешенінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан 80-ге жуық адам шақырылды.

Салтанатты шарада Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сөз алып, алдыңғы буынға көпжылдық адал еңбектері үшін, жоғары кәсібилік пен жанкешті қызметтері үшін, кейінгі буынға қалдырған тағылымды тәжірибелері үшін зор алғыс сезімін білдірді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, үлкенді құрметтеу — қазақстандықтардың табиғи болмысы әрі ұрпақтар сабақтастығының негізі. Сіздер егістікте, фермаларда, өндірістік салада жан аямай, күн-түн демей еңбек еттіңіздер. Сіздердің адал маңдай терлеріңіздің арқасында бүгінгі қуатты, заманауи ауыл шаруашылығының берік іргетасы қаланды.Біздің бүгінгі жетістіктеріміз — сіздердің табанды әрі игілікті істеріңіздің жалғасы. Сондықтан, алдыңғы буынға құрметпен қарап, қамқорлық жасау — мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болумен қатар, әрбір азаматтың адамгершілік борышы», — деп атап өтті министр.

Өз кезегінде сөз алған Ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қадырхан Отаров пен сала ардагері Михаил Трошихин агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктер мен оң өзгерістерді үнемі қадағалап отыратындықтарын алға тарта келіп, соңғы жылдары АӨК-ке инвестициялар тұрақты өскенін, заманауи технологиялар қарқынды енгізіліп жатқанын, отандық өнімнің экспорттық әлеуеті артып, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік нығайып жатқанын айтты.

«Бүгінгі табыстар — Министрліктің жүйелі әрі сындарлы жұмысының нәтижесі. Біз ауылдардағы нақты өзгерістерді, фермерлердің көңіл-күйін және отандық өндірушілерге көрсетіліп жатқан қолдауды көріп отырмыз», — деді Михаил Трошихин.

Одан әрі іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.