Айдарбек Сапаров «Апорт» сортын қалпына келтіру жобасының орындалу барысын тексерді

Айдарбек Сапаров «Апорт» сортын қалпына келтіру жобасының орындалу барысын тексерді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Талғар» аймақтық филиалында болып, «Апорт» сортын қайта жаңғырту жобасын іске асыру мәселелері бойынша көшпелі кеңес өткізді.

Жиында «2025–2028 жылдарға арналған «Апорт» алмасының сортын қайта жаңғырту» Жол картасын жүзеге асыру бойынша есептер тыңдалып, осы бағыттағы өзекті сұрақтар талқыланды  және оларды шешу жолдары нақтыланды.

Айта кетейік, өткен жылы Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде Сиверс жабайы алмасының 60 мың тұқымы жиналып, себілді және 0,7 гектар аумаққа көшетхана отырғызылған болатын.

Ағымдағы жылдың ақпан айында сапалы көшеттер дайындау үшін 0,5 гектар алқапта қысқы егу жүргізілді. Бүгінгі күні «Апорт» сортынан 2100 түп көшет өсірілді. Биылғы күзде 10 гектар апорт бағы отырғызылып,  2027 жылға қарай мұндай алқаптардың жалпы көлемі 110 гектарға жеткізілмек.

Қыркүйек айында жоғарыда аталған институттың «Талғар» аймақтық филиалы базасында «Бақ күні» ұйымдастырылып, онда институттың  селекционер-ғалымдарының ғылыми жетістіктері мен даму басымдықтары таныстырылды.

Еске сала кетейік, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтырғы жылы басталып, Қазақстан символдарының бірі әрі құнды мәдени мұрасы – «Апорт» алмасының сортын қалпына келтіруге бағытталған.

Президент Іс басқармасының «Астана 20» мемлекеттік қорының белсенді қолдауымен сапалы көшет қорын өсіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл  болашақ бақты қалыптастырудың негізі болмақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта да Жол картасы аясында іс-шараларды жан-жақты үйлестіріп, сабақтастықты жалғастыра отырып, ғылыми негізді және апортты қайта жаңғырту жобасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлетін болады.