Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «GREEN ECO» жылыжай кешенінің тыныс-тіршілігімен танысып, ешкі және бие сүтін терең өңдейтін заманауи «Neo Milk» зауытының ашылуына қатысты. Бұл Қазақстанның аграрлық саласы үшін маңызды оқиғаның бірі.
Зауыт заманауи еуропалық қондырғылармен және инновациялық технологиялармен жабдықталған.
Кәсіпорын тәулігіне 50 тонна сүт өндіреді, алдағы уақытта өңдеу көлемін 150 тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Мұнда балаларға арналған қоспалар, диеталық тағамдар, құрғақ сүт, ірімшіктер және халықаралық стандарттарға сай басқа да өнімдер шығарылады. Болашақта бие және түйе сүтін өңдеу есебінен өнім аясын ұлғайтуды және Қытай, Ресей мен басқа да елдерге экспортқа шығаруды көздеп отыр.
Жобаға 4,5 млрд теңге инвестиция құйылды.
Одан әрі Министр «GREEN ECO» жылыжай кешенін аралады.
Бесінші буын санатындағы жылыжай толық автоматтандырылған режимде жыл бойы үздіксіз көкөніс өсіруге мүмкіндік беретін гидропоникалық жүйе бойынша жұмыс істейді. Өндірісте тек органикалық қоректік заттар, табиғи шымтезек пайдаланылады, химиялық тыңайтқыштар, пестицидтер мен ГМО қолданылмайды.
Өнімнің 30-дан астам түрі бар. Атап айтқанда, құмырадағы көк салаттар, микрожасылдар, салат қоспалары, жеуге болатын гүлдер т.б. Жыл сайын кешен шамамен 5 млн құмырадағы көк, немесе айына 60 тоннадан астам өнім өндіреді. Кешенге Даниядан, Германиядан және Италиядан жеткізілген заманауи қондырғылар орнатылған, ал сапа халықаралық стандарттарға сай бақыланады.
Кешен директоры Роман Шнайдерманның айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – қазақстандықтарды экологиялық таза өніммен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, қоршаған ортаны қорғауға және ресурстарды ұтымды пайдалануға ерекше көңіл бөлінеді. Суару үшін 250 метр тереңдіктен алынған артезиан суы қолданылады, энергия үнемдейтін технологиялар енгізілген.
Алдағы уақытта жобаның екінші кезеңін - қосымша жылыжай алаңын іске қосу жүзеге асырылады. Жалпы құны 2,1 млрд теңгеге бағаланып отыр.