
Павел Рафальскийдің басшылығымен «Vishnevskoe GCK» ЖШС соңғы жылдары Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ірі кәсіпорынның біріне айналды. Компания тарихы – стратегиялық басқару, инновацияларды енгізу және мемлекеттік қолдау арқылы дәстүрлі шаруашылықты тиімді агроөнеркәсіптік кластерге айналдырудың айқын мысалы,-дейді СҚО әкімдігі.
Шаруашылықтан агрохолдингке
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін кәсіпорынның егістік алқабы небәрі 6,5 мың гектарды құрады. Бүгінде бұл көрсеткіш бес еседен артып, 33 мың гектарға жетті.
«Мұндай өсім ауқымды мемлекеттік қолдаудың және стратегиялық жаңғыртудың арқасында жүзеге асты», – деп атап өтті Павел Рафальский.
Бұрын шаруашылық негізінен бір ғана дақылға сүйенсе, қазір әртараптандыруға басымдық берілген. Майлы дақылдар шамамен 30 пайызды құрайды, бұршақ және мал азықтық дақылдардың егістігі кеңейтілді. Өткен жылы дәнді дақылдардың өнімділігі гектарына 28,5 центнер болды, биыл жұмсақ бидай гектарына 27ц. қатты бидай гектарына шамамен 30 ц. құрады.
Техника, тыңайтқыштар және өсімдікті қорғау
Шаруашылықтың дамуы минералдық тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау құралдарын субсидиялайтын мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланудың арқасында жолға қойылды. Бұл барлық егістікті тыңайтқышпен себуге және өсімдікті тиімді қорғауға жағдай жасады. Соңғы екі жылда техника паркі жаңартылды, оның құрамында 16 комбайн (оның ішінде 4-еуі жаңа), заманауи Horsch бүріккіштері, К-700 және Bühler тракторлары, 4 егіс кешені бар.
Мал азығын дайындайтын техника да жаңартылып, 1,5–2 жылға жететін жем-шөп қоры жасақталды.
Ғылым және селекция
Компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізеді. Төрт жылдан бері селекциялық техникасы бар тәжірибелік егістік алқабы жұмыс істеуде, онда қазақстандық, ресейлік және еуропалық сұрыптар сынақтан өтуде. Астана, Көкшетау және Омбы университеттерімен ынтымақтастық жолға қойылған.
Жыл сайын 12 мың тоннаға дейінгі жоғары репродукциялық тұқымдар сатылады, ал зерттеу нәтижелері Қазақстанның Астық консорциумына ұсыныс ретінде пайдаланылады.
Мал шаруашылығы және қайта өңдеу
Маңызды бағыттарымыздың бірі – етті мал шаруашылығы. Қазіргі уақытта қазақтың ақбас сиыры мен ангус тұқымын қоса алғанда, шаруашылықта бірнеше мың бас ірі қара бар. Алдағы жоспар – мал басын көбейтіп, өткізуді дамыту.
Шаруашылықта май өндіретін цех жұмыс істейді, болашақта қайта өңдеуді кеңейту көзделуде. Астанада түріктік серіктестермен бірлесіп, болашақта Еуропа мен Түркияға экспорттауға бағытталатын дәнді және бұршақ дақылдарын терең өңдеп, одан протеин алуға арналған зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда.
Цифрландыру
«Vishnevskoe GCK» ЖШС барлық егістіктері цифрландырылған. Онлайн режимде себу нормалары, бағыттар мен түсіру нүктелері, техниканың өнімділігі бақыланып отырады. Бұл елімізде белсенді қолға алынып жатқан агроөндірістік кешенді цифрландыру бағытымен сәйкес келеді.
Әлеуметтік миссия және ауылға қамқорлық
Павел Рафальскийдің айтуынша, «Техника адамдарсыз жұмыс істемейді». Сондықтан табыстың едәуір бөлігі ауылды дамытуға жұмсалады. Мәселен, осы уақытқа дейін наубайхана, дәмхана, монша, спорт алаңдары салынды, мектептер мен балабақшаларға тұрақты түрде қолдау көрсетіледі, ауылдың 30 пайызы орталық жылыту және сумен жабдықтау жүйесіне қосылған.
Алдағы уақытта жас мамандарды тарту және оларды орналастыру үшін заманауи тұрғын үйлер салу жоспарлануда.
Бүгінде «Vishnevskoe GCK» – қатардағы ауылшаруашылық кәсіпорны емес, өндіріс, қайта өңдеу, ғылым, цифрландыру және әлеуметтік миссияны біріктірген көпсалалы агроөнеркәсіптік кластерге айналды.
Павел Рафальскийдің басты мақсаты – тек бизнесті дамыту емес, сонымен бірге, ауылдың, жалпы осы өңірдің көркеюіне үлес қосу. Бұл – орнықты бизнес тұтас бір қауымның тірегіне айналғанының жарқын дәлелі деуге болады.