Ауыл шаруашылығы министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірдің агроөнеркәсіптік нысандарына пресс-тур ұйымдастырды.
Пресс-турдың негізгі мақсаты – жидек пен жеміс-көкөніс секторларының табысты дамуын көрсету, заманауи агротехнологиялардың енгізілуін таныстыру, сондай-ақ агросектордағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың стратегиялық бағыттарын айқындау.
Республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерін ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов бастап жүрді.
Қатысушыларға жидек шаруашылығы саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі – «Семиречье» көшетханасының (ЖШС) жұмысы таныстырылды.
Көшетхана Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан. Кәсіпорын 2013 жылы құрылған, ал 2018 жылдан бері 27 гектар аумақта заманауи өндірістік кешен ретінде жұмыс істейді. Негізгі бағыты – бау-бақша дақылдарының көшеттері мен жидек өнімдерін өсіру. Мұнда бақша құлпынайы, таңқурай, қарақат, қаражидек, көкжидек және басқа да дақылдар өндіріледі.
«Бүгінгі таңда біз 70-тен астам жидек сортын өсіреміз, оның ішінде 20-дан астамы – құлпынай сорты. Бақша құлпынайының орташа өнімділігі гектарына шамамен 50 тонна. Жыл сайын біз 1,5 миллион данаға дейін құлпынай көшеттерін, 300 мыңнан астам таңқурай мен қарақат көшеттерін өндіреміз», – деді журналистерге көшетхана директоры Александр Драган.
Көшетхана жетекші халықаралық және ғылыми серіктестермен белсенді жұмыс істейді.
Аналық материалды кәсіпорын Америка, Италия, Голландияның жетекші селекционерлерінен лицензия арқылы алынған өсімдіктерден өндіреді.
Кәсіпорын жабық тамыр жүйесі технологияларын енгізіп, бүгінде жалпы ассортименттің 70%-ын осы әдіс құрайды. Бұл өсімдіктердің жерсіну деңгейін арттырып, өндіріс тиімділігін күшейтеді.
Сонымен қатар, топырақ пен суға тұрақты агрохимиялық талдау жүргізіледі, автономды суару жүйесі қолданылады. Жаңа жидек алқаптарын отырғызу технологиясында жергілікті топырақ-климаттық ерекшеліктер ескеріледі. Көшетхана сондай-ақ жидек алқаптарын «кілтпен тапсыру» қызметін көрсетеді – сорт таңдауынан бастап, өсімдікті қорғау мен қоректендіру схемасына дейін толық қамтиды.
«Семиречье» – Қазақстанның жаңғақ және жидек өндірушілер мен қайта өңдеушілер қауымдастығының базалық шаруашылығы әрі инновациялық жобалардың белсенді қатысушысы. Қазақ ұлттық аграрлық университеті және ҚазНИИПО-мен бірлесіп, көшетхана жаңа жидек сорттарын әзірлеу мен сынақтан өткізуге қатысуда. Олардың ішінде Қазақстан климатына бейімделген сорттар да бар.
2017 жылдан бері кәсіпорын «Карамелька» таңқурай сортын көбейтуге лицензия иеленсе, 2023 жылдан бастап жаңа бағыт – сәндік бұталар мен көпжылдық гүлдерді дамытуға кірісті.
Көшетхана мақтан тұтатын жетістіктерінің бірі – өңірде 200 гектардан астам жидек плантациясын отырғызуға атсалысуы. Еуропа мен Ресейден сорттарды әкелу, бейімдеу және көбейту нәтижесінде қазақстандық нарыққа Полька, Полана, Глен Ампл, Альба, Мурано, Сан-Андреас, Клери және басқа да сұранысқа ие сорттар шықты.
«Біз Қазақстанда агробизнес қарқын алып келе жатқанын көріп отырмыз. «Семиречье» сияқты кәсіпорындар – инновация, ғылым және кәсіпкерліктің саланы ілгерілетуге нақты үлес қоса алатынының айқын мысалы. Министрлік өз тарапынан мұндай өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастырады», – деп атап өтті Азат Сұлтанов.
«Семиречье» көшетханасы еліміздегі жидек шаруашылығы бағытының шынайы флагманына айналды. Бар-жоғы үш тұрақты қызметкері бола тұра, дұрыс стратегия, технология және білімнің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетті.
Пресс-тур Алматы облысының бау-бақша және қайта өңдеу саласында зор әлеуетке ие екенін, ал мемлекеттік және ғылыми қолдау – саланың тұрақты дамуының кепілі екенін айқындап берді.