Астанада зооноздық аурулардың алдын алу және бақылау бойынша СОР жобасы талқыланды

Астанада зооноздық аурулардың алдын алу және бақылау бойынша СОР жобасы талқыланды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік кеңсесінде зооноздық аурулардың алдын алу және бақылау бойынша стандартты операциялық рәсімдер (СОР) жобасын талқылауға арналған жұмыс кездесуі өтті.

Іс-шараға БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілдері, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы, сондай-ақ СОР жобасын әзірлеуші сарапшылар қатысты.

Онлайн-форматта талқылауға өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің қызметкерлері қосылды.

Жұмыс кездесуі Қазақстанда «One Health» («Бір денсаулық») пәнаралық тәсілін енгізу жөніндегі бірлескен күш-жігердің жалғасы болды. Кездесудің негізгі мақсаты — медицина, ветеринария және экология саласындағы құрылымдар арасында зооноздық инфекциялардың алдын алу мен оларды бақылау бойынша тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін құжат жобасын келісу.

Қатысушылар СОР- ді жетілдіруге арналған ұсыныстар мен ұсынымдарын білдіріп, құжаттың практикалық және күнделікті жұмыста қолдануға ыңғайлы болуының маңыздылығын атап өтті. Жобаны әзірлеу жалғасады: қосымша кездесулер өткізіліп, барлық ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып мәтін пысықталатын болады.

Қорытынды құжат зооноздық қауіп-қатерлерге салааралық әрекет етуге арналған маңызды құралға айналып, Қазақстанда «Бір денсаулық» жүйесін одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.