
Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жетті (шілде айында – 11,8%). Баға өсімі әсіресе Қарағанды (14,4%), Ұлытау (13,6%), Ақмола (13%), Атырау (12,8%), Солтүстік Қазақстан (12,6%), Ақтөбе (12,5%) және Батыс Қазақстан (12,4%) облыстарында, сондай-ақ Астана (12,8%) мен Алматы (12,7%) қалаларында байқалды.
«Инфляцияға ең көп әсер еткендер – ақылы қызметтер: коммуналдық қызметтер (+2,9%), көлік (+1,7%) және денсаулық сақтау саласы (+0,9%)», – деді Азамат Әмрин.
Азық-түлік емес тауарлар бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Сонымен қатар кейбір тауарлар арзандады. Мысалы, тоңазытқыштар мен мұздатқыштар – 1,5%-ға, газ плиталары – 6,3%-ға, шыны бұйымдар мен ас үй құралдары – 0,1%-ға төмендеді.
Азық-түлік инфляциясы қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулап отыр. Тамыз айында ол небәрі 0,5%-ды құрады. Төрт апта қатарынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалып отыр. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері алғаш рет олардың индексін 7,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясына импорт үлесі (азық-түлік құрылымында – 23–27%) айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту ұсынылды.
«Апта ішінде көкөністер мен күріш арзандап, қант бағасы төмендеді. Тұз бен күнбағыс майы бағасының өсуі баяулады. Бұл, негізінен, өндірушілермен жасалған бағаны тұрақты ұстау туралы келісімдердің нәтижесі», – деді Бижанова.
Картоп бағасы көктемде 185 теңгеден аспайды
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоп өнімі 2,7 миллион тонна болады деп күтілуде. 5 қыркүйекке дейін 840,2 мың тонна картоп жиналған. Егістіктегі бағалар 90–120 теңге/кг аралығында, ал бөлшек саудадағы орташа бағасы бір аптада 3,9%-ға төмендеп, 194 теңгені құрады. Жалпы жылдық қажеттілік 2 млн тонна. Жақсы өнім көлемі күтіліп отырғандықтан, 28 шілдеден бастап картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, тамызда туындаған фитосанитариялық сертификаттарды рәсімдеудегі техникалық іркілістер жойылып, ведомство ел ішіндегі тапшылық тәуекелдерін болдырмау үшін экспортты қатаң бақылауда ұстайды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандум жасасты. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілері әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді. Қараша айында өнімнің сату бағасы – 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескере отырып 185 теңгеден аспайды. Сол сияқты келісімдер «Арал тұз» АҚ-мен (тұз бағасын 100 теңгеден 82 теңгеге дейін 18% төмендету) және жұмыртқа өндірушілер қауымдастығымен (жұмыртқаның шекті бағасы – 55 теңге/дана) жасалды.
Тұрақтандыру қорларын цифрлық бақылау
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорларын басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп тұрақты мониторинг алгоритмін әзірледі. Жоба үш кезеңнен тұрады:
Жиын соңында Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне реттелетін қызметтердің бағасын өсірмеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал әкімдіктерге ӘКК серіктестері иелік ететін көкөніс қоймаларына бейнекамера орнату үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жүктелді.