Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен несие беріледі – ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен несие беріледі – ҚР АШМ

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне барлық салықтар бойынша 70% жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді

«Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында ҚР АШМ-ге ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу міндетін қойды. Қазір, негізгі назар вертикальды интеграцияланған зәкірлі кооперацияға аударылуда. Себебі ірі қайта өңдеу кәсіпорындарымен өзара іс-қимылсыз ұсақ шаруашылықтарға даму қиынға соғадчы. Бірақ, вертикальды кооперациямен бірге қатар горизонтальды, яғни шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды да өзара кооперациялануын дамыту қажет», - деп атап өтті АШМ басшысы.

Статистика деректері бойынша 1 шілдеде елде 2 906 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген, олар 52 мыңға жуық азаматты, оның ішінде 27 мың жеке шаруашылықты біріктіреді.

«Кооперацияны дамытуды ынталандыру үшін бүгінде жоғары нормативтер негізінде инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау Ережелері шеңберінде дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салықтар бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі жұмыс істейді», - деді министр.

Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кооперативтерге несие беру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен (Жамбыл облысында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5% мөлшерлемемен) жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, кооперацияны ынталандыру мақсатында Үкіметтің жобалық кеңсесі Тұңғыш Президент Қорының «Ел Үміті» жобасымен бірлесіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, салалық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, кооперативтердің түрлі модельдері мен оларды қолдау шараларын пысықтап жатқан Агрокөшбасшылар (агролидерлер) тобын құрды.