Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Егін жинау науқаны Қазақстанның 14 облысын қамтиды. Бүгінгі таңда 1,5 млн гектар алқап жиналып, 2 млн тоннадан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақыл бастырылды.

Сонымен қатар майлы дақылдарды жинау жалғасуда: 28,0 мың гектардан 20,5 мың тонна өнім алынды.

Өсімдік шаруашылығының басқа бағыттары да жоғары қарқынмен дамып келеді. Атап айтқанда, 18,0 мың гектардан (13,8%) 458,0 мың тонна картоп, 47,8 мың гектардан (37%) 1,4 млн тонна көкөніс, ал 64,2 мың гектардан (68,5%) 1,7 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

Елдің оңтүстік өңірлерінде егін жинау жұмыстары аяқталуға жақын.

Шымкент қаласында егін жинау толық аяқталды. Түркістан және Жамбыл облыстарында дәнді және бақша дақылдарын жинау жұмыстары аяқталу кезеңінде.

Түркістан облысында 337 мың тонна дәнді дақыл, 791,3 мың тонна көкөніс және 1,1 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Жамбыл облысында 463,4 мың тоннадан астам астық, 341,4 мың тонна көкөніс және 336,5 мың тонна бақша дақылдары жиналды.

Егін жинау науқаны қалыпты жағдайда өтуде.