Жұмыс сапары аясында Жетісу облысына барған ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы өңірдің агроөңдеу саласында маңызды рөл атқаратын кәсіпорындарды аралады.
Сапардың алғашқы нысаны – қант қызылшасынан түйіршік қант өндіретін «АқсуҚант» ЖШС.
Зауыт тәулігіне 4 мың тоннаға дейін шикізат өңдейді. Кәсіпорынның жалпы аумағы – 90,4 гектар. Мұнда теміржол станциясы, өндірістік сүзу алқаптары, жом қоймасы, қант пен қосалқы материалдар қоймалары, тәулігіне 170 тонна бу өндіретін жылу электр орталығы, сондай-ақ отын мен шикізатты сақтауға арналған инфрақұрылым бар.
Қазіргі уақытта кәсіпорын қант қызылшасын қабылдауға және оны әрі қарай өңдеуге дайындық үстінде.
Келесі нысан – «УызМайИндастри» ЖШС. Бұл зауыт сояны өңдеп, соя майын, шротын және ұнын өндіреді. Жылдық қуаттылығы – 40 мың тонна өнім. 2024 жылы кәсіпорын 45,2 мың тонна шикізат өңдеп, 39,9 мың тонна дайын өнім шығарды. Өнім ішкі нарыққа да, сондай-ақ Қытай, Тәжікстан және басқа да елдерге экспортталады.
Кәсіпорын басшыларымен өндірістік қуатты арттыру, мемлекеттік қолдау шаралары және жоғары қосылған құны бар қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы «Хоргос» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығында және «Нұр жолы» автокөлік өткізу пунктінде болып, фитосанитариялық және ветеринариялық инспекторлардың жұмысымен танысты.