Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы Жетісу облысының тұрғындарымен және өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен жүздесті. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қолдау шаралары және саланың инвестициялық әлеуеті бойынша негізгі мәселелер талқыланды.
«Бүгінде Жетісу – аграрлық Қазақстанның локомотивтерінің бірі. Өңірдің ауыл шаруашылығы жалпы өңірлік өнімнің 13%-ын құрайды, бұл көрсеткіш әлі де жоғары болуы тиіс. Мемлекет фермерлердің жаңа даму деңгейіне көшуіне қажетті жағдайларды жасап отыр», – деді Ермек Кенжеханұлы кездесуді аша отырып.
Өңірдің аграрлық секторы тұрақты өсім көрсетуде.
Көктемгі егіс науқаны аясында облыс шаруалары «Кең дала» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 9,1 млрд теңгеге 325 өтінім берген. Оның ішінде 8,9 млрд теңгеге 317 агробизнес субъектісінің өтінімі мақұлданды. Бұл 72,1 мың гектар егіс алқабын жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Облыстың жалпы егіс көлемі 500 мың гектарды құрайды. Оның 120,4 мың гектары (43,6%) жиналды. Орташа өнімділік гектарына 16 центнер болып, 192,5 мың тонна астық бастырылды. Жинау жұмыстарына 9,2 мыңнан астам трактор, 962 астық жинайтын комбайн, 1,7 мың орақ машинасы және 3,7 мыңнан астам басқа да техника жұмылдырылған.
Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен алу бағдарламасы аясында шаруалар 241 өтінім берген. Соның негізінде 4,9 млрд теңгеге 313 бірлік техниканы жеткізу бойынша 217 келісімшарт жасалды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы Жетісуда да белсенді жүзеге асырылуда: соңғы екі жылда үш сүт-тауарлы фермасы іске қосылып, суару бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 2025 жылы тағы 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
2025–2027 жылдарға арналған АӨК-нің Жол картасына сәйкес, өңірде жалпы сомасы 111,7 млрд теңгеге 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде 2025 жылы 29,9 млрд теңгеге 9 жоба іске асырылады: бордақылау алаңы, 5 суару жобасы, құс фабрикасы, балық өсіру жобасы және жылыжай кешені.
Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы 1 тамыздан бастап жаңа жеңілдетілген мал шаруашылығын несиелеу бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады. Бағдарлама аясында 50 млрд теңге 5% мөлшерлемемен бөлініп, саланың айналым қаражаты тапшылығын шешуге бағытталмақ.
«Біз тәсілді өзгертіп жатырмыз: тікелей субсидия беруден техника, тыңайтқыш және су жеткізушілерін субсидиялауға көшеміз. Бұл жүйені ашық етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және қаржыландыру тиімділігін арттырады. Қолдау тетіктері анағұрлым тиімді әрі қолжетімді болады. Біз аграрлық сектордың тұрақты дамуы мен нақты нәтижеге қол жеткізуді көздейміз», – деп қорытындылады ол.
Кездесуде шаруалар министрдің міндетін атқарушыға субсидиялау, су үнемдеу технологияларын енгізу, мемлекеттік қолдау шаралары, қайта өңдеу, дизель отынымен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер бойынша сұрақтар қойды.
Сондай-ақ Ермек Кенжеханұлы азаматтармен жеке қабылдау өткізді.