Алматы облысы мемлекеттік қолдаудың арқасында аграрлық өсім қарқынын арттыруда

Алматы облысы мемлекеттік қолдаудың арқасында аграрлық өсім қарқынын арттыруда

Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешені ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайтуға, саланы жаңғыртуға және агробизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын белсенді пайдаланып келеді.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы өңір тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесуде мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы АӨК алдына ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі еселеу міндетін қойды. Бүгінде облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Бұл көрсеткішті едәуір арттыруға болады — өңірдің аграрлық әлеуеті жоғары. Біздің мақсатымыз – тек көлемді арттыру ғана емес, агробизнесті анағұрлым тұрақты, технологиялық және бәсекеге қабілетті ету. Аграрлық секторда бірқатар маңызды бағдарламалар іске асырылуда. Ең бастысы – жермен жұмыс істеуге дайын әрбір адамға қолдау тетіктері жетуі тиіс», — деп атап өтті Ермек Кенжеханұлы.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда көктемгі егіс және орақ жұмыстарын қаржыландыру көлемі 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. 2025 жылы 7 485 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне жалпы 490,1 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді, оның ішінде Алматы облысының 320 аграрына — 14,5 млрд теңге бөлінді.

Фермерлер үшін қаржыландырудың алты арнасы жұмыс істейді, ал «Даму» қоры қарыздарға 85%-ға дейін кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында облыс фермерлері 2,8 млрд теңгеге 222 бірлік техника сатып алуды жоспарлап отыр.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жеңілдетілген несиелендіру қолжетімділігін кеңейту мақсатында 2024 жылы шикізат сатып алуға 35 млрд теңге сомасына жылдық 5% мөлшерлемемен кәсіпорындарды қаржыландыру басталды. 2025 жылы да бюджетте қарыздарды арзандатуға қаражат көзделген: қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін «таза» 5% жылдық мөлшерлемемен шамамен 44 млрд теңге қысқа мерзімді кредит беру жоспарлануда», — деді Ермек Кенжеханұлы.

1 тамыздан бастап, көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелендірудің өзін жақсы танытқан тәжірибесі бойынша, мал шаруашылығына арналған жаңа жеңілдетілген кредиттік өнім іске қосылды — жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын 50 млрд теңге. Бұл саладағы айналым қаражатының жетіспеушілігін шешуге мүмкіндік береді.

Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тарату аясында ірі аграрлық жобаларды қаржыландыру жалғасуда. Жалпы қуаты жылына 302 мың тонна сүт өндіретін 48 сүт-тауарлы фермасы салынды. Биыл 200 млрд теңгеге 141 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, оның алтауы – Алматы облысында. Бағдарлама ет және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, көкөніс сақтау қоймаларын салуды және өнімді терең өңдеуді қамтиды.

Кездесу барысында фермерлер Ермек Кенжеханұлына несие алу қолжетімділігі, жеңілдетілген бағдарламаларға қатысу шарттары, субсидия төлеу, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру, сондай-ақ жер телімдерін бөлу мәселелері бойынша сұрақтар қойды.

Министрдің міндетін атқарушы жеке қабылдау өткізіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ұсыныстарын және мәселелерін тыңдады.