2024 жылғы қарашада Мемлекет басшысының Мажарстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан арасында қол жеткізілген уағдаластықтар аясында жемшөп өндірісі саласында ірі инвестициялық жоба іске асырылады. KazFoodProducts компаниясы мен венгриялық UBM Group холдингі премикс өндіруге арналған бірлескен кәсіпорын құру жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды.
Жоба аясында Алматы облысында жылдық қуаттылығы 48 мың тонна болатын зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл – ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жоғары сапалы жем дайындауда маңызды рөл атқаратын премикстерді өнеркәсіптік көлемде өндіретін Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болмақ.
Қазіргі уақытта премикстердің басым бөлігі шетелден импортталады. Бұл саладағы сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті арттырып отыр. Жаңа зауыт импортқа тәуелділікті едәуір азайтып, ішкі өндірісті дамытып, отандық мал шаруашылығы тауар өндірушілерін тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бірлескен кәсіпорын құру – еліміздің жемшөп саласы үшін маңызды қадам. Қазіргі таңда жем компоненттері негізінен шетелден жеткізіледі. Зауыттың іске қосылуы импортты ішінара алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін түсімдерді арттыруға және саланың тұрақтылығын күшейтуге жол ашады», – деді KazFoodProducts құрамына кіретін «АзияАгроФуд» АҚ басқарма төрағасы Саян Ашенов.
UBM Group компаниясының бас директоры Петер Хорват холдингтің Мажарстан, Сербия, Румыния, Словакия және Австрияда осындай жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқанын, енді бұл елдердің қатарына Қазақстан да қосылғанын атап өтті.
«Бұл – осы өңірдегі біздің алғашқы жобамыз. Біз Қазақстанды бекер таңдаған жоқпыз — мұнда сапалы шикізат, тәжірибелі мамандар және саланы дамытуға қолайлы жағдай бар», – деп атап өтті ол.
Жобаны іске асыру жемшөп өндірісіне заманауи технологияларды енгізуге, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.