Бүгін, 1 тамыз күні Қазақстанда ауқымды Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталды. Бұл іс-шара БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 10-шы Дүниежүзілік ауыл шаруашылығы санақтары бағдарламасы аясында өткізіліп жатыр және ел бойынша 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымын, сондай-ақ шамамен 2 миллион үй шаруашылығын қамтиды.
Ауыл шаруашылығы санағы – аграрлық саланың жай-күйі туралы объективті әрі өзекті ақпарат алуға арналған маңызды құрал. Бұл деректер тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға, мемлекеттік саясат әзірлеуге және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын жоспарлауға негіз болады.
Санақтың онлайн-кезеңі 2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында өтеді. Қатысу sanaq.gov.kz ресми сайтында жүзеге асырылады. Анкеталарға қол жеткізу ЭЦҚ, SMS-код немесе eGovMobile қосымшасындағы QR-код арқылы авторизациялау арқылы мүмкін болады.
Қатысушылар үшін екі түрлі анкета ұсынылған:
•ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін;
•жеке қосалқы шаруашылықпен (бау-бақша өсіру, мал ұстау және т.б.) айналысатын үй шаруашылықтары үшін.
Анкета сұрақтары ауыл шаруашылығы қызметінің негізгі бағыттарын қамтиды: жер иелену және пайдалану, мал басы, техникалық жабдықталу, өнім өткізу, жұмыспен қамту және еңбек жағдайлары.
Онлайн-формат ақпарат жинау процесін жеңілдетіп, дерек жинаушыларға түсетін жүктемені азайтады әрі алыс және қолжетімсіз аймақтарды да қамтуға мүмкіндік береді. Анкеталарды кезең-кезеңімен толтыруға болады, барлық деректер автоматты түрде сақталады. Сайтта бейне-нұсқаулықтар мен интерактивті кеңестер де ұсынылған.
Қолдау көрсету үшін SANAQ мырза атты чат-бот және 1446 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығы қызмет көрсетеді. Интернетке қолжетімі жоқ азаматтар үшін ел бойынша әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінің ғимараттарында 2684 өзіне-өзі қызмет көрсету нүктесі ұйымдастырылған.
Санақ нәтижесінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы бойынша нақты әрі сенімді деректер базасына ие болады және бұл аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларын әзірлеуге берік негіз қалайды.