ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы ҚХР-на жасаған жұмыс сапары аясында Қытай Халық Республикасының Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетіне қарасты Ұлттық азық-түлік және материалдық қорлар бюросы басшысының орынбасары Лю Сяонанмен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жеткізуді кеңейту перспективалары, соның ішінде астықты ҚХР Ұлттық астық сауда бюросының цифрлық сауда платформасы арқылы экспорттау мүмкіндігі талқыланды.
Әсіресе бидай, арпа, соя және өсімдік майлары экспортының көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Ұлттық азық-түлік және материалдық қорлар бюросы арасында бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде келісімге қол жеткізілді. Жұмыс тобының міндеті – өзекті мәселелер бойынша жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, рәсімдерді келісу және аграрлық өнім саудасындағы кедергілерді жою.
Жеткен келісімдерді жүзеге асыру Қазақстан мен Қытай арасындағы аграрлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға, еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтуға және өнімді негізгі нарықтардың біріне тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.