Қостанай облысында шошқа обасына ден қою бойынша симуляциялық оқу-жаттығу өтті

Қостанай облысында шошқа обасына ден қою бойынша симуляциялық оқу-жаттығу өтті

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арасындағы келісім шеңберінде Қостанай облысында африкалық және классикалық шошқа обасының ықтимал ошақтарына ден қою бойынша симуляциялық оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

Оқу-жаттығудың мақсаты – өңірлік ветеринариялық қызметтердің аса қауіпті жануарлар ауруларының ошақтарын жедел анықтау, оқшаулау және жоюға дайындығын арттыру, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды пысықтау. Ерекше назар биологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттары мен инфекциялардың таралуын бақылау жөніндегі ДЖДҰ ұсынымдарын сақтауға аударылды.

Оқу-жаттығудың практикалық бөлігі Алтынсарин ауданы Обаган ауылында өтті. Іс-шараға ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларының мамандары, Қостанай облысы әкімдігі ветеринария басқармасының өкілдері, республикалық ветеринариялық зертхана, республикалық эпизоотияға қарсы отряд және жергілікті атқарушы органдар қатысты.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша өңірдің ветеринариялық қызметі аса қауіпті жануарлар ауруларының ықтимал ошақтарына тиімді ден қою үшін қажетті дайындық деңгейіне, техникалық құралдарға және жолға қойылған ведомствоаралық өзара іс-қимылға ие екені атап өтілді.