Арқалық қаласында 12 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңының құрылысы бойынша инвестициялық жоба іске қосылды. Жобаны жалпы инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын «AB Agro-KZ» ЖШС жүзеге асыруда.
Аумағы 10 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2025–2026 жылдары аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Бұған қоса, 3 мың бас еділбай тұқымды қойға арналған репродуктордың құрылысы қатар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 500 млн теңге.
«Жобалар етті қой шаруашылығын дамытуға, өндіріс көлемін арттыруға және өңірдің экспорттық әлеуетін көтеруге бағытталған», – деп атап өтті «AB Agro-KZ» ЖШС өкілдері.
«AB Agro-KZ» компаниясы қой мен ешкі өсірумен айналысады. Нарықта екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын мал шаруашылығы саласындағы өндірістік қуаттарын белсенді түрде кеңейтіп келеді.