Батыс Қазақстан облысының Сұлукөл ауылында аграрлық күнтізбедегі ең айтулы шаралардың бірі – AGROFEST – 2025 өз жұмысын бастады. Фестиваль төртінші рет Қазақстанның барлық өңірінен және Ресейдің көршілес аймақтарынан келген агроөнеркәсіп кешенінің жетекші өкілдерін біріктіріп отыр.
Екі күн ішінде шараға 8 мыңнан астам қатысушы – шаруалар, инвесторлар, ғылым, бизнес және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
«AGROFEST – бұл ауыл шаруашылығына адал, ел игілігі үшін күн сайын еңбек етіп жүргендерді біріктіретін бірегей алаң. Бүгін біз Мемлекет басшысы айқындаған міндетке сай – егін өнімділігін екі еселеу және ауыл шаруашылығын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру жолында жұмыс істеуіміз қажет. Ол үшін барлық бағытта алға жылжуымыз керек – цифрландырудан бастап техника жаңғыртуға, мал шаруашылығын дамытуға, нарықтарды кеңейту мен инвестиция тартуға дейін», – деді фестивальдің ашылуында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов.
Вице-министр атап өткендей, биылғы жылы ерекше көңіл қазақстандық «ақбас» ірі қара тұқымының 75 жылдығына бөлінді. Бұл тұқым алғаш рет дәл осы Батыс Қазақстан облысында шығарылып, бүгінде отандық мал шаруашылығының символына айналған.
«2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды, ал AGROFEST – 2025 аграрлық мамандықтарды насихаттау және ауыл шаруашылығына қажетті кәсіптердің беделін арттыру бойынша маңызды алаңға айналды», – деп атап өтті Бағлан Бекбауов.
Фестиваль аясында мазмұнды іскерлік бағдарлама ұсынылды: аграрлық саясат, орнықты даму, агроэкономика және технологиялар тақырыптарында панельдік пікірталастар мен секциялық сессиялар; жетекші агробизнес өкілдерімен, ғалымдармен және техника өндірушілерімен тәжірибе алмасу; АӨК болашағына қатысты трендтер, сын-тегеуріндер мен шешімдерді талқылау.
Барлық өңірден келген фермерлік шаруашылықтар мен компаниялар өз өнімдерін, заманауи технологияларын, жетістіктері мен жаңа әзірлемелерін көрме алаңдарында ұсынды. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын ауыл шаруашылығы кәсіптері бойынша чемпионат тудырды. Онда техника операторлары, дәнекерлеушілер және дәстүрлі мал шаруашылығының өкілдері өз шеберліктерін көрсетуде.
Фестивальдің басты оқиғасы – «Ақбас» ірі қара тұқымы бойынша чемпионат, мұнда Қазақстанның түкпір-түкпірінен әкелінген ең үздік малдар көрсетіледі.
Сонымен қатар, көкпар турнирі, AgroSound музыкалық фестивалі, этностиль күні аясында қолөнер шеберханалары, ұлттық ойындар және ұлттық нақыштағы сән көрсетілімі ұйымдастырылады.