2025 жылдың І жартыжылдығында АӨК-ке 616 млрд теңге инвестиция тартылды

2025 жылдың І жартыжылдығында АӨК-ке 616 млрд теңге инвестиция тартылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы агроөнеркәсіптік кешеннің даму қорытындылары бойынша кеңес өткізді. Кеңеске ҚР АШМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыстар әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – бағдарламалық көрсеткіштердің орындалуы, әсіресе мал азығын дайындау, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саланың инвестициялық белсенділігін арттыру болды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, бүгінгі таңда облыстардың деректері бойынша 13,2 млн тонна шөп дайындалған, бұл жоспардың 53,8%-ын құрайды. Мал азығын дайындау қарқыны бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары алда келеді. Ал Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Қарағанды облыстары артта қалып отыр.

Осыған байланысты өңірлерге өзара ынтымақтастықты күшейту, солтүстік аймақтарда шөп шабуды ұйымдастыру, сондай-ақ жемшөп бағасын бақылауды қамтамасыз ету және негізсіз қымбаттауға жол бермеу тапсырылды.

Агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту басым бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша АӨК негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 616,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 442,7 млрд теңге ауыл және балық шаруашылығына, 104,2 млрд теңге – азық-түлік өнімдері өндірісіне, 69,7 млрд теңге – сусындар өндірісіне бағытталды.

Инвестиция тарту бойынша ең жақсы көрсеткіштерге Шымкент қаласы, Алматы қаласы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Алматы, Ақмола және Абай облыстары қол жеткізді. Ал Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында қаржы игеру деңгейі төмен болып отыр.

2025–2027 жылдарға арналған АӨК дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жалпы сомасы 3,4 трлн теңгені құрайтын 683 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі күні Түркістан, Алматы және Қостанай облыстарында 50-ден астам жоба пайдалануға берілді.

«Салаға 2 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жұмысын жандандыру қажет. Әкімдіктер Жол картасының орындалуын және 2025 жылға жоспарланған жобалардың іске қосылуын қамтамасыз етуі маңызды», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Кеңесте балық шаруашылығын дамыту, жануарларды уақтылы вакцинациялау, құлақ жапсырмаларын сатып алу және малды сәйкестендіру мәселелері де қаралды. Өңірлердегі ветеринариялық пункттердің басым бөлігі әлі күнге дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмегені айтылды.

Биылғы жылы 758 ветеринариялық нысан салу жоспарланған, оның ішінде 428 ветеринариялық пункт, 233 мал қорымы және 97 сою пункті бар.

Кеңес қорытындысында министр барлық деңгейдегі билік органдарының үйлесімді және жауапты жұмысының маңыздылығын атап өтті:

«Бірлескен күш-жігер мен нақты үйлестіру арқылы ғана біз еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Біздің жұмысымыздың тиімділігі Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты», – деді Айдарбек Сапаров.